Жамбыл облысының тұрғындары жол сапасына наразы

Жамбыл облысының тұрғындары жолға жұмсалған 70 млн теңге ауаға кетті деп санайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі Талас ауданында 2 жыл бұрын салынған тасжол уақытынан бұрын тозып кеткен.

Ал әкімдіктегілер мердігердің кепілдік мерзімі аяқталғанын айтады. Енді мәселе қалай шешілмек?

«Ерназар – Қойгелді» бағытындағы жол – Тамды ауылы мен облыс байланыстырып жатқан жалғыз төте жол. 2020 жылы асфальт салынғалы маңайдағы елді мекеннің бәрі осы жолмен қатынайды. Дегенмен 11,4 шақырымға төселген асфальт 2 жылға жетпей тозды.

Өмірбек Өсербек, Талас ауданының тұрғыны:

- Толық сүріп, сөйтіп істелген асфальт қой. Енді істелген асфальттың нәтижесі осы болып тұр ғой. Талқаны шығып, машинаның «хадовкасының» бәрінің быт-шыты шығып, Таразға барғанша сақыр-сұқыр.

Тұрғындар жолды қабылдап алған жауапты тұлғалардың әрекетіне наразы. 

Нұржан Әлсейіт, Талас ауданының тұрғыны:

- Жолағының енін қараңыз, 2 машина зорға сыяды. Үлкен жік көлігі келсе, жолдың шетіне шығып кетесің.

Тасжолда шикіліктің барын жол сапа орталығының мамандары да растады.

Қадіржан Мырзаев, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:

- Антикор қызметі бізді 2021 жылы аталған жол бөлігін тексеру үшін шақыртқан болатын. Жолдың 14 тұсынан арнайы техникамен тексердік. Асфальттың тығыздығы нормаға сай келмеді. Сонымен қоса жолдың 50%-і құжатта көрсетілген қалыңдыққа сай емес.

Мәселенінің мәнісін білу үшін әкімдікке бардық. Бөлім басшысының сөзінше, бүгінде жолды жөндеу үшін мердігердің кепілдік мерзімі аяқталған. Әрі асфальтты салғандар мен қабылдаған қызметкерлер жауапқа тартылған көрінеді.

Еркін Әлтішев, Талас аудандық ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Сот шешімі қабылданып, жаңағы «Жандос и Компания» ЖШС жосықсыз деп танып, ол компания қазір жұмыс істемейді. Оны енді кезіндегі бөлім басшысы қабылдаған. Ол бөлім басшысы қазір жұмыста жоқ. Әлі ол жерде, менің естуім бойынша, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жыр болған жолдың мәселесі биыл шешіледі. Талас аудандық  маңызы бар 19 жолдың төртеуін орташа жөндеу үшін 47 млн теңге бөлінген. Жалпы ауданда 37 көшені асфальттау үшін 1,9 млрд теңге қарастырылған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.