Ақтөбеде достық фестивалі өтті

Ақтөбеде елдегі ұлттардың бекем бірлігін бейнелеген достық фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр этномәдени бірлестік өкілдері татулықты үндеген театрландырылған көрініс қойып, көрме ұйымдастырды. Өнер ұжымдары концерт қойып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Микаелян Арутюн халықтар достығы фестиваліне жеке сурет көрмесін алып келген. 79 жастағы қария қиялын қағаз бетіне түсіріп бейнелеуді осыдан 10 жыл бұрын бастапты. Содан бері қолынан қаламы түспей, талай сурет салған. Ішінде қазақ еліндегі тарихи нысандардың да бейнесін көруге болады. Өзінің айтуынша, бұл өнер – ұлттарды жақындастыруға сеп болатын бірден-бір бағыт.

Микаелян Арутюн, Армяндар этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің жетекшісі:

- Мен көркем суретке бала күнімнен құмар болдым. Бірақ үлкейген шағымда ғана сүйікті ісіме қол жетті. Сөйтіп, сурет салып, туындыларымды жақындарыма, достарыма сыйлап келем.

1 мамыр мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараға Ақтөбеде қызмет ететін 16 этномәдени бірлестік қатысты. Олар өздерінің ұлттық болмыс-бітімін айшықтайтын нақыштарын көрмеге қойып, сахна төрінде ән айтып, би биледі. Арасында әр халықтың өлеңін шырқап, қазылар алқасы мен қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.

Мұндай шара Ақтөбеде бірлік мерекесі күніне орай дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ал бүгінде облыста 90-нан астам ұлт өкілі бір-бірімен тату өмір сүруде. Әр салада еңбек етіп, ортақ отанның дамуына үлес қосып келеді. Өздерінің ұлттық болмысын сақтап, жан-жақты даму үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті кейбірінің өзіндік салт-дәстүр, мәдениет, тіл және мемлекеттік тілді оқытатын жексенбілік мектептері де жұмыс істеп тұр.

Маржан Қорғанбекова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

- Қазіргі таңда барлығының тілегі бір. Ол – біздің еліміздегі тыныштық, еліміздің ынтымағы. Өнер арқылы, шығармашылық арқылы осы қолдарынан жасаған бұйымдар арқылы біздің халықтар арасындағы достықты, ынтымақты білдіруге тырысатын арнайы тәрбиелік мәні зор, насихаты зор шара деп есептейміз.

 

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған халықтар достығы фестивалі жоғары деңгейде өтті. Ал 1 мамыр күніне Ақтөбеде бірқатар шара жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.