Жетісайдағы 34 ауылда 104 көше жөнделеді

Жетісайдағы елді мекендердің жолын жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 1 млрд 100 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы бұл ауданда ұзындығы 918 шақырымға жететін 1200 көше болса, соның 40%-іне жөндеу қажет екен.

«Атамекен» ауылдық округі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде құрылған. 9 елді мекеннен тұрады. Ауыл қарияларының айтуынша, мұнда соңғы рет асфальт осыдан 50 жыл бұрын төселген екен. Содан бері ауылдың ішкі көшелері әбден ескіріп, шұрық-тесік болған.

Мұсахан Қожамұратов, ауыл тұрғыны:

- Бірінші асфальтті де көргенбіз, енді, міне, 50 жылдан кейін 2-ші асфальтты да көріп жатырмыз. Жастарға істеп жатқан тірлігіне рақмет. 10 күндей болды, мен осы жерде белсенді болып жүрмін. Барлығын көріп отырмын, қай жер сай, қай жер биік – соны тексеріп отырмын. Бәріне рақмет.

Жақсыгүл Өмірбаева, ауыл тұрғыны:

- Күнде осы жолмен немеремді бақшаға апаратын едім. Жақсы жолмен жүріп баратын болды деп қуанып жатырмын. Жол салып беріп, ауылды қуанышқа бөлеп жатқанына өте ризамыз. Істеріне берекесін берсін.

Ауылға асфальт келіп, тұрғындардың қуанышы еселеніп жатыр. Енді олар тақтайдай тегіс жолмен жүріп, баратын жеріне қиналмай жететін болады. Жалпы биыл «Атамекен» ауылының орталығында 13 көше орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған.

Шымболат Муташов, Атамекен ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі таңда 6 ішкі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 7 көше қалды. Жалпы ұзындығы – 7,9 шақырым. Орталық осы 13 көшемен толық құрамда жөндеу жұмыстары жүргізіліп бітетін болады. Жалпы Атамекен ауылдық округінде 9 елді мекен болса, соның 3-еуі жергілікті бюджеттен, 1,8 шақырым тағы 3 көшеміз жөнделеді.

Биыл Жетісай ауданындағы жолдарды жөндеуге 1 млрд 700 млн теңге бөлініп отыр. Оның 1 млрд 100 млн теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қаралған. Қалған 600 млн-ы жергілікті – қазынаның есебінен.

Бейбарыс Арслан, аудандық ТҮКШ бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл қаржыға 34 елді мекенде жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы жол жөндеу жұмыстарының сапасы жергілікті әкімдік, техникалық қадағалушы мекемелермен бірге қатаң бақылауға алынған. Одан бөлек, ҚР Ұлттық жол активтері сапа орталығы жұмылдырылған.

Биыл Түркістан облысы бойынша жол жөндеу жұмыстарына 41,1 млрд теңге қаралған. Оның 5,3 млрд теңгесі республикалық, 12,3 млрд теңгесі облыстық, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Оған 1521 шақырым жол төселіп, 587 нысан пайдалануға беріледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.