Алматыдағы К. Байсейітова атындағы мектеп-интернатқа 75 жыл толды

Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының құрылғанына 75 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай Алматыда мектеп оқушыларының қатысуымен салтанатты есеп беру концерті өтті. 1948 жылы құрылған өнер мектебі бүгінге дейін талай дарынды тәрбиелеп, еліміздің музыка өнерінің дамуына орасан зор үлес қосты. Мерекелік кешке білім ошағының 300-ден астам тәрбиеленушісі қатысты. Дарынды балалар қазақстандық және шетелдік композиторлардың белгілі шығармаларын орындады. Ал мектеп түлектері кешке құрметті қонақ ретінде қатысып, жеткіншектердің өнерін тамашалады.

Айнагүл Әділова, педагог:

- Халықтық дәстүрлі аспаптар: қобыз, жетіген, домбыра аспаптарын балаларымыз 1 сыныптан бастап 12 сыныпқа дейін кәсіби деңгейде үйреніп, біздің өнеріміздің биіктерінен көрініп жатыр. Республикамыздың түпкір-түпкірінен 480 бала қазіргі таңда біздің мектебімізде дәріс алуда. Дәріс бізде 2 тілде жүреді: орыс тілі және қазақ тілі.

Нұрсұлтан Бәділхан, оқушы:

- Мен өзі үрмелі оркестр мен симфониялық оркестрда ойнайтын боламын. Өте көп байқауға қатыстық. Мысалы, халықаралық, республикалық. Ресейде болдым, Ураинада болдым. Бірінші орын, гран-при алғанмын. Бұл 75 жылдық концертке 8 айдан астам уақыт дайындалдық.