ҰҚК террористік актінің жолын кесті

Халық көп жиналатын орындардың бірінде террористік акті жасамақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйтеуір Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестік қылмысқа тосқауыл қойған. 19 адам қамауға алынды. Мұны Президент қабылдауында болған комитет төрағасы Ермек Сағымбаев мәлімдеді. Ол терроризмге қарсы жаттығу жиындары өткенін хабарлады. Сонымен қатар шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүргізілді.

Бұдан бөлек, биылғы 4 айда Ұлттық қауіпсіздік комитеті 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цехтың көзі жойылды. Мемлекеттік шекарада 7 мыңға жуық заң бұзушы ұсталды. Шамамен 2 млрд 800 млн теңге көлемінде валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалына тосқауыл қойылды. Қару мен оқ-дәрілерді тасымалдауға қатысты 85 әрекеттің жолы кесілді.