Жасы 98-ден асқан қарт майдангер естеліктерін бөлісті

Жасы 98-ден асқан қарт майдангер естеліктерін бөлісті

Биыл Екінші дүниежүізілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған сұрапыл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады, қаншама отбасы қара жамылды. Сол қан майданның куәсі, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірі – Бисенғали Жұбаниязов. Ол елін қорғау үшін небәрі 17 жасында қолына қару алып, ұрысқа аттанған.

Бүгінде жасы 98-ден асып отырған Бисенғали Жұбаниязов ақсақал Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Соғыс оты тұтанған уақытта 16-дан енді асқан бозбала еді. Қанды майданның қасіретін елге оралған жаралы солдаттардан естіп білсе де, 17-ге тола салысымен әскери комиссариатқа «өз еркіммен жіберіңіз» деп арыз жазады. Әуелі Башқұртастандағы жаяу әскер училищесінен дайындықтан өтеді. 1943 жылы Батыс майдандағы Ржев-Смоленск бағытында фашистерге қарсы ұрысқа қатысады. Жарақаттанып, госпитальге түседі. Емделіп шыққан соң Солтүстік майданға жіберіледі. 

Бисенғали Жұбаниязов, ҰОС ардагері:

- Архангельск облысы, Мезень деген қалада Ақ теңіздің жағасында жағалау күзетінде болдым. Соғысты сол жерде бітірдім. Ол кезде әлгі Америкадан көмек келеді ғой. Америкадан, Англиядан, солар Форт-Норманға келеді. Сол жерде немістің суасты кемелері жүреді ғой. Соған қарсы біз сол жағалау артиллериясында болдық.

Соғыс кезінде жағалау күзетінің маңызы ерекше болды. Өйткені лендлизбен әкелінген қару-жарақ, әскери техниканы солдаттарға шашау шығармай жеткізу міндеті тұрды. Соғыс аяқталған соң, Бисенғали ақсақал Архангельск және Петразаводск тауларындағы әскери бөлімдерде борышын өтеп, 1950 жылы Ақтөбе қаласына оралды. Ардагер Ерлігі үшін медалімен, Қызыл Жұлдыз және Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Майданнан соң елдің көреюуіне үлес қосады. 

Бисенғали Жұбаниязов, ҰОС ардагері:

- Ақтөбе қаласында әуелі органға кірдім, содан кейін партия қызметіне ауысып кеттім. Ол кезде арыз жазып қызметке бармайсың, өздері партия қайда жібереді, сонда барасың. Сонымен облыстық төрағаның көмекшісі болдым.

Ардагер 1968-1975 жылдары жаңадан құрылған Талдықорған облысының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымын басқарды. 1975 жылдан бастап Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Еңбек Қызыл Ту сынды көптеген ордендермен марапатталды.

Бисенғали қария бүгінде 4 баладан 5 немере 6 шөбере сүйіп отыр. Зұлмат заманның куәсі, ғасырға жуық жасаған ардагер «соғыс болмасын» деп тілейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.