Жетісудағы тағылымды шарадан тікелей эфир

Жетісу облысында Жеңістің 78 жылдығы тойланып жатыр. 

Жер жәннаты Жетісуда Жеңіс күнін неше ардагер қарсы алды?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында Жеңіс күнін Екінші дүниежүзілік соғыстың сегіз ардагері қарсы алды. Қарт майдангерлердің жасы жүзге жақындады. Оларды мерекемен жергілікті әкімдік өкілдері үйлеріне барып құттықтады. Жалпы Жетісу жерінен 120 мыңнан аса сарбаз соғысқа қатысып, 70 мыңнан астамы майдан даласында көз жұмды. Талдықорғандағы мерекелік шаралар қаза тапқан жауынгерлердің  рухына тағзым етуден басталды. «Даңқ» обелискісіне келген көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жеңіс күніне орай автоматтан оқ ату рәсімі өтті. Жеңіске жетуге Қазақстанның қосқан қомақты үлесі айтылды.

Қайрат Темірғалиұлы, облыстық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы:

- Әлемді дүркіреткен соғыс болды. Сол соғыста қанша қазақтың батыры қаза тапты. Сол соғысты ұмытпауымыз керек. Әрбір жетінші оқ Текеліден шықты. Соғысқа Қазақстанның қосқан үлесі зор.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Сонымен қатар орталық алаңда «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы жеңіс» атты концерттік бағдарлама басталды. Өнер ұжымдары отты жылдардың әсерлі әндерін шырқады. Ал актерлер сахналық көрініс арқылы  соғыс кезеңін көз алдымызға келтіргендей әсер қалдырды. «Дала асханасы» ұйымдастырылып, көпшілік соғыс кезінде көптеп дайындалған тағамнан дәм татты. Мерекеге келгендер әскеріміздің әлеуетімен де танысты. Талдықорған гарнизоны арнайы техникасы мен жабдықтары көпшілік назарына ұсынды. Әрбір жас әскери көліктерге мініп көру мүмкіндігіне ие болды.