Жерімізден аттанған 130 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған

Қазақ даласынан майданға  аттанған 130 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған.

Бірақ белгісіз себептермен оларға бұл атақ берілмепті. 11 майдангер Павлодар облысының тумасы. «Ұмытылмаған қаһармандар» патриоттық жобасы аясында ержүрек жерлестеріміз туралы тарихи құнды деректер табылды.  Қоғам белсенділері енді олардың есімін Халық Қаһарманы атағына ұсынуды көздеп отыр.

Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағат 2007 жылы ашылған. Бұл қазақ жерінен майданға аттанған талай боздақтың ерлігі жайында тың мағлұмат алуға мүмкіндік берді. Павлодар облысынан Кеңес Одағының Батыры атағына 11 адам ұсынылыпты. Ал  Қазақстан бойынша осы атаққа екі қайтара ұсынылған 6 жауынгердің екеуі Павлодар облысынан. Тағы біреуі Даңқ Орденінің толық иегері атануы тиіс болған.  

Сапаргелді Әбдірашев, «Ұмытылмаған қаһармандар» жобасының үйлестірушісі:

- Біздің  жерлестеріміз  екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Ол Ертіс ауданының тумасы Көктаев Қабыш пен  Баянауыл ауданында туған Байжанов Зейтін деген азамат. Екеуі де екі рет батыр атағына ұсынылған. Бірақ өкінішке орай, өмірлері қайғылы жағдайда аяқталды. 45-жылы біреуі госпитальда, екіншісі майдан даласында қаза тапқан. Осы тізімнен Қалиев Сембай, Ахметбеков Сәбит және Сағадилов соғыстан аман келген.

Туған елге аман-есен оралғандардың бірі Сәбит Ахметбеков. Түрлі салада еңбек еткен соғыс ардагері 1969 жылы Сарышығанақ ауылында өмірден өткен. Артында қалған  ұрпақтары бар. «Ұмытылмаған  қаһармандар» жобасының үйлестірушісі Сапаргелді Әбдірашев  қолымыздағы құжаттар музей жәдігері ретінде сөрелерде жатпайды дейді.

Сапаргелді Әбдірашев, «Ұмытылмаған қаһармандар» жобасының үйлестірушісі:

- Президент аппаратына біз өтініш жолдаймыз. Осы адамдарды  қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағына ұсынғымыз келеді. Әрине жұмыс мұнымен тоқтамайды.  Біз келер ұрпаққа    патриоттық тәрбие беруіміз қажет. Ол үшін үгіт-насихат керек.

Белсенді азаматтар облыс орталығындағы Даңқ алаңына батырларға  арнап QR - кодымен белгі орнатуды жоспарлап отыр. Заманауи нұсқадағы ескерткіштер тарихи тұлғалардың өмірін зерттеуге сеп болады.

Олег Трещёв, Павлодар облысы бойынша ТЖД бастығының орынбасары:

- Мұндай кедергілердің астарында саяси көзқарас болуы да мүмкін. Ертеректе  замполитке барлаушы  ұнамаса оны марапаттан айырады деп әзілдейтін. Маған  патриоттық клубтың  атқарып жатқан  жұмысы қатты ұнады. Мұрағаттарды көтеріп, батырлардың есімін ұлықтауда. Ер  есімін ел есінде  сақтап, батыр атағын қайтару  үлкен еңбектің жемісі.

Жалпы Павлодар облысынан  қан майданға  46 мың адам аттанған. Оның жартысынан көбі туған жерге қайтып оралмапты. Соғыс жылдарындағы тарихи деректер бүгінде  кеңінен зерттеліп, сандар жаңарып жатыр. Музей қызметкерлері майданға аттанған облыс тұрғындарының саны  46 мыңнан әлдеқайда көп  болуы мүмкін екенін айтады.

Қарлығаш  Қасиетова, Жеңіс Темірболат