Қызылорда облысында ғасыр жасаған қос майдангер құрметке бөленді

Қазалылық Қабақ Смағұл мен Шиелі ауданының тұрғыны Сәрсенбек Байжанов небәрі 19 жасында соғысқа аттанған.

Жеңістің 78-ші көктемінде 100 жастың желкенін көтерген жеңімпаз жауынгерлерге жерлестері ықылас пен ілтипаттың шынайы үлгісін көрсетті.

Сталинград түбіндегі қиян-кескі шайқасқа қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған -  100 жастағы Сәрсенбек Байжановқа жерлестері атынан облыс әкімі автокөлік кілтін табыстады. Үлкен әулеттің асқар тауына айналған ақсақалдың туған күні 9 мамыр Жеңіс күніне сәйкес келеді екен. Оқ пен оттың ортасынан оралғаннан кейін ұстаздық жолды жалғаған ардагер 11 бала тәрбиелеп, немере мен шөберенің қызығын көріп отыр.

Әлихан Зұлқайнарұлы, С. Байжановтың немересі:

-  Мен өзімнің атаммен мақтанамын. Өйткені ол бізге кішкентай кезімізден жақсы тәрбие және адал болуды үйретті. Және өте қатал болды, біреудің ала жібін аттамауға үйретті, баулыды.

Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында тұратын соғыс ардагері - Қабақ Смағұлға да 100 жас мерейтойына орай жерлестері құрмет көрсетті. Қар майдангермен бірге сұрапыл соғыстан оралмаған сарбаздар рухына тағзым жасалды.

Арнайы ұйымдастырылған салтантты шара барысында Қабақ ақсақалға ауданның «Құрметі азаматы» атағы табысталып, ақбоз ат сыйға берілді. Сонымен қатар, өнегелі өмір жолы баяндалған кітаптың тұсауы кесілді.

Қабақ Смағұл, соғыс ардагері:

- Соғыс болмасан. Халқым бейбітшілікте өмір сүрсін. Өсіп-өркендесін. Бақытты өмір сүрсін.

Қабақ Смағұл 1942 жылы 19 жасында майданға аттанып, үшінші екпінді армия сапында Тула, Орел қаласын азат етуге қатысқан.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин