Батыста киік төлдеп жатыр

Орал өңіріндегі киіктер жаппай төлдеп жатыр.

Мамандардың айтуынша құралайдың 70 пайызы аяқтанып үлгерген.

Жалпы біздің елде киіктің 3 популяциясы бар. Яғни Бетпақдала, Үстірт, Орал өңірін мекендейді. Ең көбі осы Орал төңірегі. Былтырғы санақ бойынша өңірде 800 мыңнан астам бөкен тіркелген еді. Ал биыл болжам бойынша бір жарым миллионға жуықтаған.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Қазақтар киіктің лағын құралай дейді. Жаңа туған кезінде ол өте дәрменсіз. Бірнеше сағат бойы қозғалмастан, көздері мөлтілдеп жатады. Ал аяқтанғасын жаяу қуғанға жеткізбейді.

Мамырдың басында киіктің текелері бөлек кетіп, ешкілері бір жерге жиналады. Бәрі бір мезгілде, шамамен бірер аптада туып болады. Адамнан да аса үрікпейді. Бір-екі шақырымға аулақтау барып жайыла береді. Ал олардың жаңа қозғалған жерінде лақтары толып жатыр. Топырақ түстес болғасын әбден жақындағанша көзге бірден шалынбайды да. 

Қуаныш Әбілханов, "Охотзоопром" РМКК қызметкері:

- Енді киіктің ерекшелігі өздеріңіз көріп тұрғандай құралайдың салқыны дейді ғой. Олар төлдегенде шыбын-шіркей болмас үшін күн салқындау болады. Киіктер төлдеген кезде қасқыр, құстар етті жейтін, солар осы кезде төлдеп біткенше етке тәбеті болмайды дейді. Аңыз ретінде айтылған ғой. Бірақ шындығына келгенде де солай. Қасқыр жеп құс шұқып жатқанын көрген жоқпыз. 

Киік мамонтпен дәуірлес, табиғатпен әбден біте қайнасып кеткен жануар ғой. Киік төлдейтін жерге міндетті түрде жаңбыр жауады. Мұны жергілікті тұрғындар «көтенжуар» деп те атайды. Биыл да табиғат дағдысынан жаңылмады. Нөсерге тап болып, жол бойындағы ауылға амалсыз аялдадық. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Әдетте киіктің лағын ұстап, осылай суретке түскенде «ойбай, обал жасадың, ертең енесі жеріп, емізбей кетеді, лақ аштан өледі» дейтіндер табылып жатады. Алайда осы киіктің басы-қасында жүрген мамандардың мәлімдеуінше, ол пікірлер орынсыз екен. Өйткені киік лағын ешқашан менікі-сенікі деп бөлмейді, бірінікін бірі емізе береді.

Киіктердің төлдейтін орны жылдан-жылға солтүстікке ойысып барады. Биыл олар Оралдан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдарының аралығын таңдапты. Мамандар бөкендерді былтыр құрылған резерват аумағына айдап көрген. Көнбепті. Ресей аумағы арқылы айналып өтіп, үйреншікті жеріне қайта келіпті. Келешекте киіктерді резерватқа шоғырландырғымыз келеді, дейді мамандар.

Нұрлан Рақымжанов, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:

- Ол үшін  тиісті қаржы бөлініп жатыр. Судың зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Су табылған жағдайда әртүрлі әдіспен құдықтар соғылады. Манағы астау ма аласа жерге. Жалпы дебеті судың көп болса, со жерге жинақтау ма, бірнеше жұмыстарды резерват атқарып жатыр. Аумағы үлкен 657 мың гектар. 

Төлдеген уақытында киікті қорғау күшейтіледі. Дәл қазір  “Охотзоопром” мемлекеттік кәсіпорнының 6 адамнан құралған 5 тобы қызметте. Жануарлар жатқан жаққа бейсауат адам көлік жіберілмейді. Дала еркелерін шошытады, әрі лақтарды тапап кетуі де ықтимал.

Берік Сатыбаев, "Охотзоопром" РМКК топ басшысы:

- 2017-ден бері істеймін. Алтыншы жыл болды. Қазір киіктің саны көбейіп жатыр. Мен жұмысқа келгенде бір 93 мыңдай болды ма Батыс Қазақстан облысында. Қазір жыл сайын көбейтіп жатырмыз сол.

Мамандар соңғы жылдары браконьерлік фактілері күрт азайғанын айтады. Оған заңнаманың қатайғаны әсер еткен. Әрі былтырдан бастап мүйізді шетелге заңсыз шығару жолдарына да тосқауыл қойылған көрінеді.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұтов, Э. Аюпов