Алматыда қылқан жапырақты ағаштар гүлдеді

Алматыдағы Бас ботаника бағының аумағында қылқан жапырақты ағаштар гүлдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 130-дан астам түрі «Кониферетум» алаңында өседі.

Яғни, дүниенің түкпір-түкпірінде әртүрлі климатқа бейімделген жасыл желектер қазір осы жерде гүлдеп тұр. 

Мына алаңқайда бірнеше қарағай түрі гүлдеп тұр. Мысалы, мына қарағай сары түсті. Оның отаны – Солтүстік Америка. Онда бұл ағаштың қылқандарының ұзындығы 30 сантиметрге жетеді, бірақ біздің климатта  инелері небәрі 19 сантиметрге дейін өседі, - дейді мамандар.

Светлана Набиева, дендрология зертханасының бас ғылыми қызметкері:

- Қарағайлар 20 градустан жоғары температурада гүлдей бастайды. Олар  температураның тұрақталуын күтеді, әсіресе ыстық ауа райы қолайлы. Гүлдеуіне келетін болсақ, әрине, қарағайда басқа өсімдіктегідей гүл болмайды.

Иә, расында қылқан жапырақты өсімдіктерде көз тартар гүл жоқ. Оның орнына бүршік пайда болады. Олардың арасында пішіні гүлге ұқсайтындары да кездеседі.  Жалпы қылқан жапырақты өсімдіктердің көпшілігі бір тұқымды, - дейді мамандар. Бұл аналық және аталық гүлдердің бір өсімдікте екенін көрсетеді. Олар желмен тозаңданады.

Айнагүл Ишаева, дендрология зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

- Шырша бүршігі жеміс емес. Ол 3 жыл бойы дамиды, содан кейін бүршік ашылып, тұқымдар шығады. Тұқымдар желде тез таралады. Тозаңы бірнеше шақырымға таралады.

Қылқан жапырақты жасыл желектер ботаникалық бақта 1932 жылдан бері өсіріліп келеді. Бүгінде мұнда олардың әртүрлі тұқымдасқа жататын 132 түрі мен 26 сәндік формасы бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Наргиза Такежанова, Эдуард Кон.