Ақтөбедегі ойын алаңдары балалар үшін қауіпті

Ақтөбеде тозығы жеткен ойын алаңдары ата-аналарды алаңдатып отыр.

Балалар жазатайым жарақат ала ма деп қорқады. Сондықтан ескі әткеншек, сырғанақ пен өзге де жабдықтарды жөндеп беруді сұрайды.  Бірақ бұл істің қашан қолға алынары белгісіз.  Себебі күтіп-ұстау жұмысына қажетті қаражат бөлінбеген.

Бақыт Баймағамбетова өз үйінің жанындағы ойын алаңына екі жасар немересін ертіп келеді. Сосын баланың қауіпсіздігіне алаңдап, жанынан бір елі қалмайды. Алты жыл бұрын ашылған алаңның қазіргі жағдайы сын көтермейді.  Сырғанақ қирап қалған, әткеншектердің сыры кеткен. Айналмалы қондырғылар тұғырынан ажырап, жиекте жатыр. Алаңның көптен бері күтім көрмегені байқалып тұр.

Бақыт Баймағамбетова, қала тұрғыны:

- Күнбе-күн немеремен келіп бала ойнатамыз, мына жерден баламыз сырғанақ тебеді. Енді мына жерге келсек, мына жердің белдігі жоқ. Ұстап тұрмасақ баламыз енді түсіп кетуі мүмкін енді. Сосын мына бала ойнайтын жеріміздің тегістігі де дұрыс емес, әр жерінде шұқыр бар, ойылып қалған. Ана бір көлеңкеміздің де төбөсі түсіп кеткен қысқы қардан. Бәріне де жөндеу жұмыстары керек. 

Ал көрші тұрған ойын алаңының да жағдайы осындай. Шошайған темірлері мен сымдары   балаға зақым келтірері  анық. Қисайған торлы қоршауы да жұртқа кедергі келтіруде. 

- Балаларға қауіпті, ақаулары көп. 

- Бәрін қиратып тастаған. Білмеймін енді кім қарайтынын. Балаларды әкеліп, ойнатып-ойнатып кетеміз. 

Қаладағы ойын алаңдарының барлығын көне деуге болмайды. Соңғы үш жылда халық қатысатын бюджет жобасы арқылы 200-ден астам жаңа алаң жасақталған. Алайда, оған дейін пайдалануға берілгендерінің біразы күтімді қажет етіп тұр. Анықталғандай, оларды бақылау пәтер иелері кооперативі немесе мүлік иелері бірлестігіне жүктелгенімен, уақытылы жөндеуді міндеттейтін тәртіп жоқ. Қаланың бір бөлігі Астана ауданының өзінде  63 ойын алаңының ескі екені анықталған.  

Ақгүл Махмудова, Астана ауданы әкімдігінің бас маманы:

- Енді бүгінгі күні сол жөндеуді талап ететін балалар алаңына қаражат сұрауды қалалық ЖКХ-мен ол жұмыстар жүргізілетін болады. Бір жобаға енді 5 миллиондай қаржы талап етіледі. Бір площадканың ремонтына, установкасына қасына жаңа элементтер қоюға және ескіні жөндеуге. 

Ал тозығы жеткен ойын алаңдарын ретке келтіру қажетті қаражат қашан бөлінетіні әзір белгісіз. Бұл үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бюджеттен ақша сұрау үшін өтінім дайындамақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев