Абай облысындағы Абай ауданында 300-ге жуық тұрғын баспана кезегінде тұр

Абай облысындағы бір ғана Абай ауданында 300-ге жуық тұрғын баспана кезегінде тұр.

Осы түйткілді шешу үшін өңірде 21 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Екі пәтерлі баспаналар аудан орталығында ғана емес, бес бірдей ауылда салынуда.

Қарауыл ауылында жаңадан салынған жайлы қонысқа қол жеткізген жандардың бірі – екінші топ мүгедегі Еркебұлан Қайратұлы. Ол бұған дейін анасымен бірге 1955 жылы салынған үйде тұрып келіпті. 

Еркебұлан Қайратұлы, Қарауыл ауылының тұрғыны: 

- Бұрын ескі үйде тұрдық. Үй кезегінде 10 жылдан артық тұрдым. 2022 жыл берекелі жыл болды. Жаңа үйге көштім. Енді үйлесем бе деген ойым бар.

Гүлнәр Ысқақова, Қарауыл ауылының тұрғыны: 

- Үйіміз жылы. Жанға жайлы. Ыстық су, суық су бәрі ішінде. Жаңа үйге кеп арқамызды кеңге сап жатырмыз. Алдағы уақытта үйі жоқ кісілер осындай қуанышқа кенелсе деп ойлаймыз.

Аудан орталығы Қарауыл ауылында 2020 жылдан бері 96 отбасы жаңа үйге кірді. Екі пәтерлі 48 үй тұрғындардың игілігіне берілген. Абай аудандық сәулет құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, өңірде 292 адам баспана кезегінде тұр.  

Жандос Сайлаубеков, сәулет құрылыс коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: 

- Көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығысынсыз қалған балаларға, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй комиссиясының шешімімен беріледі. Үйлердің көлемі 65,85,100 шаршы метр. Кезекте тұрған адамдардың санатына байланысты. 85, 100 шаршы метр үйлер көп балалы отбасыларға арналады.

Абай ауданының Көкбай, Құндызды, Қасқабұлақ, Саржал және Кеңгірбай би ауылдарында жыл соңына дейін 42 пәтерлі 21 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында өңірде 500 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Былтыр аймақта 340 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов,