Арқалық халқы жылу жүйесінің жаңартылуын күтіп отыр

Арқалықта екі жыл бұрын көмірмен қызатын қазандық салынған.

Кетеуі кете бастаған қала тұрғындары мұны медеу санап, қуанып қалған еді.

Бірақ сол қазандықтың кем-кетігі таусылар емес. Әбден тозығы жеткен қаланың жылу желісін де жаңарту керек. Бұл үшін үш жылдық арнайы жоба жасалған. Көп ұзамай жұмыс басталуы тиіс. Тұрғындар енді содан үміт күтіп отыр.

Арқалықтықтар биыл қыста тоңып-жаурамағанымен «қалай болар екен» деп қылпылдап шыққаны анық. Өйткені 35 шақырдым жылу құбырының 90 проценті тозған. Әр сәтте жарылып, апат болуы мүмкін еді. Оның сыртында жаңадан салынған жылу энергетикалық орталығының әр жері жиі сыр берді. Бір бу қазандығы  іске қосылмағандықтан тоқ өндірілмеді. Одан бөлек те ақаулар шықты. 

Әскербек Әлмағамбетов, Арқалық жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы:

- Бу өтетін құбырлар бітеліп, сол қайта-қайта сол бір сутка, екі сутка жарылып жатты. Олар қазір 100 процент ауыстырылды барлығы. Судың құрамындағы бүкіл химикаттар бөлініп тасталып отырады. Сол сепарация жүрмеді. Химикаттар бөлінген кезде натрия кальций тұз түзеледі. Ол тұз түзеле-түзеле құбырдың ішін бітейді.

Қазандықты орнатқан мердігер компания алдағы қазан айына дейін сол ақауларды жоюға міндетті. Егер айтқандарындай болса, алдағы жылу беру маусымында қымбат мазутты қолданбай, тек көмір жағылады. Ал енді ескірген жылу құбыры мәселесін үш жылдың ішінде шешу жоспарланып отыр. Биыл 35 шақырым желінің 3,5 шақырымын  жаңарту көзделген. Оған 7 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінді. Тендер өткізіліп, мердігер анықталды. Ол он шақты күннің ішінде жұмысын бастауы тиіс.

Нұрлан Алин, Арқалық жылу энергетикалық компаниясы директорының орынбасары:

- Мердігер компания келуін келді қалаға, олардың просто материалдары келген жоқ әлі. Бірақ нақты қай жерде ауыстырамыз сол учаскелер белгіленіп қойылды. Бір аптаның ішінде бастап кетуге тиісті жұмыстарын. Ал жоспар бойынша бірінші сентябрге шейін олар аяқтау керек.

Арқалықтың бір ерекшелігі жылу құбырының 80 процент бөлігі жер үстімен өткізілген. Оның сыртқы орамасы жұқарғандықтан жылудың жартысы құр далаға кетеді екен. Ал енді жаңа желі қойылса, жылу шығыны кемі 20 процентке дейін азаяды дейді мамандар. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг