Қостанайлық шеберлер қой жүнінен ерекше картиналар жасайды

Иірілген қой жүнінен сурет салып, түрлі бұйым жасайтын қостанайлық ағайынды Аңқауовтардың өнері бүгінде көпке танымал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туа біткен дерттен қозғалыс-тірек жүйесі әлсіз жігіттердің туындылары түрлі көрмеге қойылып жүр.

Ағайындылардың ортаншысы Арланның мамандығы – дизайнер. Оның сыртында Еуропадан бастау алатын панно-аппликация стилінде сурет салумен айналысады. Осы бейнелеу түріне Арланның енгізген тың жаңалығы, матанның орынына қой жүнін пайдаланады. Қазір осы өнерін балаларға үйретіп жүр.

Арлан Аңқауов, дизайнер:

- Балаларды үйретіп келе жатқанымызға 10 жыл биыл. Сол 10 жылда жүзден астам шәкірттер тәрбиелеп шығардық. Ол балалар қазір біреулері шебер, біреулері дизайнер болып, әр түрлі салаға кетіп жатқан балалар бар.

Арланның өзінен басқа тағы 3 бауыры осы істің басы қасында жүріп көмек көрсетеді. Бірі сурет салса, бірі жіп иіреді, енді бірі қағаз жұмыстарымен айналасады. Кейбір картинаның жиектері иірілген қой жібінен өріліп қапталады. Ағайындылар осындай ерекше өнерлерімен елдің ықыласына бөленді.

Ақылбек Шаяхмет, ақын:

- Мені ырза қылғаны олардың шығармашылығындағы ұлттық колорит, ұлттық нақыштар, ата-баба дәстүріне адалдық. Қазір байқап отырған шығарсыздар, жанрларының өзі әртүрлі. Аппликация бола ма, теріге салынған сурет бола ма.

Суреттің дені ұлттық салт дәстүрден сыр шертеді. Табиғаттың әсем көріністері, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бейнесі. Шәкірттерінің қолынан шыққан туындылардың негізгі тақырыбы – сол. Мысалы, Ұлжан Ерменбай ақын Сырбай Мәуленовты бейнелепті.

Ұлжан Ерменбай, оқушы:

- Мен қолөнер студиясына 1 жылдай қатысып жүрмін. Өте түрлі суреттерді салуды үйрендім. Маған қолөнер студиясына барған өте ұнайды.

Ерекше өнер иесі Арлан Аңқауов – бірнеше республикалық сайыстардың жүлдегері. Оның туындылары шетелдерге де шығарылып жүр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.