Шымкентте білім беру мекемесі допты 232 мың теңгеден алмақ болған

Шымкент қаласының білім беру мекемесі баскетбол добын 232 мың теңгеге сатып алмақ болды.

Сонымен қатар волейбол добының әр данасын 42 мың теңгеге бағалап, қазынадан екі миллион 700 мың теңге сұраған. Қомақты қаражатқа ұсынылған күмәнді конкурсты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтады. Агенттіктің атынан ұйымдастырушыға ұсыныс хат жолданып, аса қымбат жоспар түзетілді. Жалпы жыл басынан бері қаланың білім саласында жемқорлық фактісіне қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Сыбайластық әрекеттердің кесірінен бюджеттің 67 миллион теңгесі қолды болды. 

Жандос Жұмабаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Проблемалар қайдан шығып жатыр? Бухгалтерлер бар кейбір қызметкерлер өзінің лауазымдарын пайдалана келе қаражатты дұрыс деңгейде бағыттап, дұрыс деңгейде иемденбеген. Осыны алдын алу, болашақта болдырмау фактісін ойлап жатырмыз.