Қарағанды облысында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі ашылды

Қарағанды облысында енді киберқылмысқа қарсы арнайы мамандар жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық Полиция департаменті ішінде «Киберпол» бөлімі ашылды. Онда тәжірибелі жедел уәкілдер мен криминалистер және облыстың үздік ІТ мамандары тартылған. Жаңадан жасақталған сандық лаборатория ақша аударымдарын жедел анықтауға, алаяқтар қолданатын бағдарламаларды дереу бұғаттауға мүмкіндік береді.

Полицейлер қазір облыста киберқылмысқа қатысты 400-ге жуық іс қаралып жатқанын айтады. Соңғы 3 жылда олар қарапайым халықтың 3,5 миллиард теңгесін жымқырған.

Санжар Әділов, облыстық ПД басшысы:

- Қазіргі таңда біздің тергеушілер мен жедел уәкілдер бірге жұмыс жасап, бірге алаяқтарға тосқауыл қойып жатыр. Бірінші кезекте осы Қарағанды облысының тұрғындарына дұрыстап түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.