Ақмола облысында бірнеше ауылдың жолы сын көтермейді

Ақмола облысындағы Зеренді ауданына қарасты бірнеше ауылдың жолы сын көтермейді.

Әсіресе Қошқарбай, Кеңөткел, Троицк және Қарсақ елді мекендер бағытындағы жолдар әбден тозған. Жергілікті тұрғындар жауаптылар жылда құр уәдемен тойдырып келеді деп қынжылады.

Қайрош Қарабаев – Кеңөткел ауылының тұрғыны. Зейнеткер жыр болған жол мәселесін айта-айта шаршадық деп налиды. Тіпті соңғы кезде қалаға қатынаудың өзі қиындап кеткен.

Қайрош Қарабаев, Кеңөткел ауылының тұрғыны:
- Барлығы қазір малмен күн көріп отыр ғой. Сол малдын сүтіп сатып, май қылып дегендей. Соған жолдың өзі нашар болғасын машиналар қирайды. Бір барып келсе не қирайды, не доңғалақ жарылады.

Айдарлы ауылынан басталатын бұл жолмен бірнеше елді мекен көлігі қатынайды. Ал аталған ауылдарда жүздеген тұрғын бар. Міне олардың жылдар бойы көріп келе жатқан азабы осы. Ауылдықтар бұл мәселені талай рет көтерген. Бірақ нәтиже жоқ.

Рамазан Досымов, Кеңөткел ауылының тұрғыны:
- Көріп тұрғандарыңыздай, совет құлағалы жөндеу көрмеген жол мынау. Анау Айдарлыдан басталады, Троицкіге дейін ол жақта да ауылдар бар. Осы жол міне. 30 жылда бір жөндеу көрген жоқ. Қысты күні де қиын. Кәрі құртаң аудан, облыс орталығындағы больницаларға бара алайды. Жүру мүмкін емес.

Бұқара базынасын аудан шенеуніктеріне жеткіздік. Жауаптылар келер жылы жол толық жөнделіп, асфальт төселеді деп сендірді.

Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта осы жол бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал келер жылы жөндеу жұмыстарын бастап, жыл соңына дейін аяқтаймыз деген жоспар бар. Шамамен 30 шақырымдай асфальт төселеді.

Аудан басшылары жоба құны қанша болатынын әзірге айта алмайды. Тек сметалық құжат дайындауға 7 млн теңге бөлінген.  

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка