Жетісу облысының әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды

Жетісу облысындағы ауызсу мәселесі алдағы 3 жылда толықтай шешіледі.

Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев баспасөз мәслихатында айтты. Сондай-ақ Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі ауылдардың барлығына көгілдір отын жеткізу жоспары бар. Балқаш көліне қатынайтын және Сарыөзектен Жаркентке дейінгі жол құрылысы келер жыл аяқталады.

Қазір аймақ экономикалық көрсеткіштер бойынша елде төртінші орында тұр.  Жоспар бойынша 3 жылда өңірде 146 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл 7 мың адамға жұмыс береді. Сол жобалардың бірқатары «Қорғас» еркін экономикалық аймағында шоғырланады.

Облыста баспана құрылысына да басымдық беріледі.

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

- Облыста 31 мың адам үй кезегінде тұрса, Талдықорғанда 15 мыңнан аса адам тұрады. Біз алдағы 2-3 жылда сол кезекті жарты есеге дейін түсіруіміз керек. Сол үшін кемінде облыста біз 200 мың шаршы метрден үй беруіміз керек. Осы қарқынды сақтаған болса, 3-4 жылда облыста кезекте тұрған адамдар санын 2 есеге азайта аламыз.