Ақтөбе облысындағы Орқаш орман шаруашылығында маман тапшы

Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалға жауапты мекемеде қазір 12 жұмыс орны бос.

Көпшілік қорықшы мен орманшының, жүргізуші мен механизатордың жалақысы аз болғандықтан бара бермейді. Мемлекеттік-коммуналдық мекеменің материалдық-техникалық жайы да мәз емес. Жаяу жүрген қорықшылар құрал-сайманға мұқтаж. Ең сорақысы, орман маңайында мамандандырылған өрт сөндіру станциясы да жоқ.

Ата жолын қуып орманшы кәсібін игерген Шайдулла Отаров 20 жылға жуық Орқаш табиғи қаумалында еңбек етеді. Үлкен ұлына да ауыл шаруашылығы саласында білім алып, агроинженер мамандығын игеруге кеңес беріпті. Себебі жас қорықшылардың көбейгенін қалайды. Айтуынша жергілікті тұрғындардың дені жалақының аздығын желеу етіп, орманшылыққа жолағысы жоқ. Қажетті құрал-жабдықтар мен қарапайым арнаулы киімнің тапшылығы да жұмысты қауіпті еткен. 

Шайдулла Отаров, орманшы:

- Қазір мынау бөлек шығып жатқасын дизтопливо, бензин, техника жағы қиындау болып тұр қазір. Адам да дұрыс жиналмай жатыр. Енді жайлап-жайлап келеді ғой. Кіретін шығар деп ойлаймыз енді.

Бұрын Темір орман шаруашылына тиесілі аймақтар шалғайлығы мен тоғайларының көптігіне байланысты ақпан айында бөлініп, өз алдына мекеме ретінде жаңадан құрылған. Қазір мүлік бөлу процессі жүріп жатыр. Дегенмен еншіге берілер құрал-жабдықтар мен көлік-жарақтар аздық етеді. Бұдан бөлек әбден ескірген техниканың жүрісінен тұрысы көп болады деп отыр мамандар. 

Кәмшат Ермағамбетов "Орқаш" орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:

- Шаруашылықтың жаңадан құрылуына байланысты бірқатар қиындық бар әрине. Техника қажет, машина-трактор жөндейтін шеберхана, кеңсе, жанармай қоймасы болуы тиіс. Бұдан бөлек орман өртіне қарсы бекетті өрт сөндіру құралдарымен жарақтау қажет.

Мұғалжар ауданындағы орман шаруашылығының жалпы көлемі 57 мың гектар. Оның 10 мыңға жуығы қалың тоғай. Ерекше қорғауға алынған өсімдігі көп. Сондықтан қызыл кітап тізіміндегі тал-теректерді көбейту үшін тәлімбақ ашуға 20 гектар жер бөлу көзделіп отыр. Табиғатты тілсіз жаудан қорғайтын өрт сөндіру станциясының құрылысы жақын арада басталады. 

Ақылбек Ділжанов, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда облыс бойынша 7 орман өртіне қарсы станция бар. Олардың техникалық базасы 80 процентке қамтылған. Құрал-саймандар мен көліктердің 20 проценті жаңартуды қажет етеді. Сондықтан бюджеттік өтінім дайындап қойдық. Арнаулы киімнен бастап мотопомпа, дүрбі, дрон аппараттарын сатып алуымыз қажет.

Өңірдегі орман шаруашылықтарының материалдық техникалық базасын жаңарту үшін 1 млрд-қа жуық теңге қажет. Бұл сома облыстық бюджеттен бөлінеді. Сондықтан мәслихат депутаттары алдағы сессияда мәселенің шешімін шығаруы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков