Петропавлдық шебер кемелер үлгісін жасаумен айналысады

«Кронштадт», «Боярин», «Аскольд».

Солтүстікқазақстандық Юрий Романов аты аңызға айналған осындай алып кемелердің үлгісін құрыстырумен айналысады. Ағаштан түйін түйетін шебер – су көлігін жасаудың шебері. Ал олардың сызбасын Санкт-Петербург қаласынан арнайы алдыртады. Қызығы сол, он саусағынан өнер тамған азамат әр туындысының тарихын жатқа біледі.

Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Романов 11 жасынан бері сүйікті ісінен бір сәтке қол үзген емес. «Су көліктері жаныма жақын болған соң оларды құрастыру аса қиындық туғызбайды», - дейді ол. Қазір Бірінші Николай кемесінің үлгісін жасап жатыр. Кейде осындай шағын туындыны жинауға бір жылдан астам уақытын жұмсайды екен.

Юрий Романов, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Бұл әскери кеме 1905 жылы орыс-жапон соғысына қатысқан. Яғни, Цусима аралына дейін жетіп, сол жердегі шайқаста болған. Бірақ Ресей флоты жеңіліс табады. Бұл тарих. Сондықтан мен өзім жасаған дүниелердің өткенін жатқа білемін.

Юрий бала кезінде жас техниктер станциясында оқыған. Кемелерді модельдеуге қызығушылығын ұстазы оятыпты. Содан бері шебер 30-ға тарта туындыны құрастырған. Бастысы, әрбір бөлшегін өзі жасайды. Ол үшін ағаш, қатырма қағаз, пластика сынды қолда бар материалдарды пайдаланады. Ал қозғалтқышын шетелден тапсырыспен алдыртады.

Юрий Романов, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Мына кемені мен бөтелкенің ішінде жинадым. Көрген адамдардың барлығы сенбей, таңғалып жатады. Тек бір пинцеттің көмегімен ойымды жүзеге асырдым. Желкені де бар. Негізінен су көліктерін құрастыру оңай шаруа емес. Ең бастысы, төзімділік пен ұқыптылық керек.

Кеме модельдеу бүгінде кәсіби спорт ретінде дамып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан түрлі байқауларла қарияның еңбегі жоғары бағаланып жатыр. Енді шебер ұшақ үлгілерін жасауды қолға алмақ ниетте.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.