Каспий теңізінде әскери теңізшілер кемедегі өртті сөндірді

Каспий теңізінде арнайы мақсаттағы «Жайық» кемесінің электрмеханикалық бөлімі өртеніп, салдарынан қозғалтқыш істен шықты.

Әскери теңізшілер жедел қимылдап, жалынның бетін қайтарды. Ашық теңізде өткен құтқару операциясы осылай өрбіді. Оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшыраған су көлігін шұғыл іздестіру, жараланғандарды құрлыққа тікұшақпен жеткізу секілді тапсырмалар сәтті орындалды.

Жағалаудан 20 шақырым қашыққа ұзаған «Жайық» кемесінде кенет өрт шығып, экипажы радио арқылы көмек сұрады. Жақын маңдағы «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесі шұғыл көмекке ұмтылды. Теңізшілер көкжиекке дүрбі салып, түтін шыққан аумақты іздеді. Көп ұзамай өртенген су көлігіне жетіп, құтқару жасағы бірден іске кірісті.

Көк түтінмен арпалысқан құтқарушылар кемедегі қозғалтқыш тұрған трюмге түсіп, жараланған теңізшілерді тапты. Жарақатын таңған соң зембілге салып, палубаға шығарды. Одан әрі әскери кемеге өткізіп, тікұшақ келуін күтті.

Руслан Кунаков, жауынгерлік бөлім командирі:

- Апатты жағдайдағы су көлігін іздеуге «Қазақстан» және «Сарыарқа» зымыранды артиллериялық кемелері мен «Жайық» гидрологиялық кораблі қатысты. Авариялық-құтқару тобы өртенген кемеге өзіне қауіпсіз қашыққа жақындап, бортына кіру, адамдарды ажалдан арашалау тапсырмасын сәтті орындап шықты.

Бұл жолғы оқу-жаттығу төтенше жағдайлар қызметкерлері мен шекара қызметінің жедел топтарымен бірлесе өтті. Үйлесімді іс-қимылдың арқасында өрт шұғыл өшіріліп, қозғалтқышы бұзылған кеме Ақтау теңіз айлағына жеткізілді.

Ермек Оспанов ҚР ҚК ӘТК "Қазақстан" зымыранды артиллериялық кеме командирінің көмекшісі:

- Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен әуе қорғаныс күштерінің тікұшақтары бірлесіп, теңіз бетінде зардап шеккен кемеге, жеке құрамды эвакуациялау жаттығулары жасалды. Әскери теңіз күштері Қазақстан Республикасының Каспий теңізі аумағын әрдайым қорғауға дайын.

Каспийде әскери теңізшілердің кәсіби біліктілігін шыңдау 3 күнге созылды. Ауқымды операцияға жүзге жуық теңізші мен армиялық авиацияның 2 тікұшағы қатысты. Жаттығу соңында барлық бөлім өз базасына оралды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев