Ақтөбе облысындағы бірнеше ауылға табиғи газ таратылады

Ақтөбе облысында шалғай жатқан Ойыл ауданында биыл бірнеше ауыл табиғи газбен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газ құбырын тарту жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады.  Қазір 400-ге жуық тұрғыны бар Екпетал елдімекені көгілдір отын желісіне қосылуға дайындалып жатыр.   

Салтанат Рзина қыстың қамын жазда жасап, отын жинауды ойлайтын. Себебі өңірде қар ерте түсіп, кеш кетеді. Сондықтан ағаш пен қидан өзге, жыл сайын қымбаттап бара жатқан көмірдің де қорын толтырып алады. Көпбалалы ана қазір үйіне газ кіргізуге қамданып жатыр. Отағасы қажетті құрал-жабдықты алып қойған. 

Салтанат Рзина, Екпетал ауылының тұрғыны:

- Енді отын дайындап, көмір сатып алып, үйімізді жылытпақшы болған жағдайдан гөрі көгілдір отынның келуі өте тиімді. Газ келгені өте қуанышты енді. Көп шаруамызды жеңілдетеді ғой.

Серік Сатығалиев, Екпетал ауылының тұрғыны:

- Бұған дейін енді көмірмен жақтық. Осы отынмен, ағашпен жағып отырдық қой. Газ келіп жатқасын үйді кеңейтіп, жалғап жатырмыз. Иә, қуаныштымыз.

Екпеталға газ келетіні ауылдағы ағайынды қуантты. Себебі аудан орталығына жақын жатқан елді мекеннің іргесі қаланғанына ондаған жыл өтсе де, табиғи отын жетпеген еді. Мұндағы тұрғындардың көбі іргедегі орман шаруашылығында еңбек етеді. 5 әлеуметтік нысан бар. Ауылға газ келесі айда беріледі. Құбыр тартқан мердігер компания істі мерзімінен бұрын аяқтауға тырысып жатыр. Екпетал – Ойыл ауданы бойынша көгілдір отын желісіне қосылатын 4-ші елді мекен.   

Алтынбек Әубәкіров, мердігер компанияның өкілі:

- Мамырдың 18-і жұмысты бастадық. Енді айдың аяғына дейін бітеді деп жобалап отырмыз. Келесі айдың 15-іне, Алла бұйыртса, «ҚазТрансГаз Аймаққа» тапсырсақ па деп үміттеніп отырмыз, газ қосамыз.

Аудандағы өзге де ауылдарды газ желісіне қосу жоспарда бар. Бүгінде қазынадан бөлінген қомақты қаражатқа тиісті жұмыс басталған.

Нұржау Тұрғамбеков, Ойыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жоба бойынша Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер елді мекенінің шетіне газдарды тартылады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр сол елді мекендерге. Ауылдың ішінде газ құбырын тарту бойынша. Алдағы жылы жоспар Көптоғай, Амангелді елді мекендеріне жобалау-сметалық құжаттары жасалды. Енді облыстың бюджеттен қаржы бөлініп жатса, келесі жылы газдандыру жоспарланып тұр.

Елді мекендерді газдандыру жұмысы бұл ауданда келер жылы да жалғасады. Қазір бірнеше жобалық құжат дайын.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов.