Алты өңірді алты ай қыс алаңдатпай ма?

Жаздың ортасы болып қалды. Бірер айдан соң қыс та жақын.

Бірақ бірқатар өңірдегі тозығы жеткен жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары мардымсыз.

«Енді шенеуніктер жайлы кресло, жылы кабинетінде отыра бермеуге тиіс. Егер жаздың аяғына дейін жағдай түзелмесе, олар қызметімен қоштасады». Үкімет басшысы бүгін осыны айтты.

Қылышын сүйретіп қыс келсе, 6 өңірдегі ағайын жылусыз қалуы мүмкін. Энергетика министрлігі күн суыса, апат болу қаупі жоғары кәсіпорындардың тізімін жариялады. Олар: Теміртау, Екібастұз, Риддер, Маңғыстау, Кентау және Жезқазғандағы жылу электр орталықтары. Бұлар жөндеу жұмыстарын созбалаңға салса, ертең қиындық туындауы мүмкін.

«Кентау ЖЭО»;

«Экибастузтеплоэнерго» ЖШС;

«Kazakhmys Energy» ЖШС;

«Риддер ЖЭО» АҚ;

«МАЭК» ЖШС;

«АрселорМиттал Темиртау" ЖЭО-2 АҚ ))

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Кейбір меншік иелерінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражаты жоқ. Мәселен, Риддерде әкімдік, Өскемен жылу желілері және жылу электр орталығы өзара келісіп, іске кірісті. Жалпы қазір барлық 6 қазандықты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті материалдар сатып алынды, құбырлар жылу электр орталығына жеткізілді. Одан бөлек, жылу желілеріне де жөндеу жүргізіліп жатыр.

Өзге де өңірлерде жағдай оңып тұрған жоқ. Жылу орталықтары әбден тозған. Ведомства басшысы қыстан аман шығу үшін жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау керек дейді. Алайда қазірдің өзінде бірқатар қалада жұмыс тоқтап тұр. Жылу желілерін жөндеу қарқыны да тым баяу. 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Сол себепті Үкімет басшысы қыс мезгіліне дайындық «тым нашар» дейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр. Ал енді бірі жөндеу жұмыстарын тіпті келесі жылға қалдырып отыр. Мысалы, Атырау Жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы 60 күнді құрап отыр. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп.

Иә, бүгін-ертең қыс түспейтіні анық. Бірақ тозығы жеткен қазандықтарды толық жөндеуге уақыт жетпей қалуы кәдік. Сарапшы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, қыстан шығу үшін жылу орталықтарын жөндеу жеткілісіз. Өйткені барлық нысанды бір жазыда жаңғырту мүмкін емес. Жалғыз амал – алда-жалда қазандық істен шықса, қоса қоятын құрылғыларды қазірден бастап әзірлеу. 

Әсет Наурызбаев, сарапшы:

- Жылыту маусымына дайындықты Төтенше жағдайлар министрлігі де жүргізу керек. Қалалардағы көпқабатты үйлерді жылытатын пеш, арнайы техникалар сатып алу керек. Бұл шағын қаладағы апатты жоюға мүмкіндік береді. Сонда ғана апатқа сақадай сай боламыз.

Үкімет басшысы әкімдіктерде өтетін жиындағы әңгімелер құр қағаз жүзінде қалады дейді. Сол үшін штаб жұмысын қайта қарап, жылу орталықтарын жөндеуді уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ бюджеттен бөлінген қаржы ретімен жұмсалып, бюрократияға жол берілмеуі керек. Жауаптылар 2 апта ішінде компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуге тиіс. Ал бұл картада проблемаларды шешу жолдары көрсетіледі.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов.