Биыл Атырау-Астрахань жолының 257 шақырымы пайдалануға беріледі

Жыл аяғына дейін Атырау-Астрахань күре жолының 257 шақырымы пайдалануға беріледі.

Бүгін мұнайлы өңірді аралаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осылай деп мәлімдеді. Ұзындығы 277 шақырымды құрайтын Атырау-Астрахань автомагистралы облыс үшін ғана емес, еліміздегі тарнзиттік жүк тасымалында ерекше маңызға ие. Алайда 10 жылдан бері құрылысы аяқталар емес. Жоба қолға алынғалы құрылыс материалдары қымбаттап кетті, кейін бөлінген қаражат жетпей қалды. Қажетті инертті материалдар да бітті. Оны тасымалдауға вагон тапшылығы қолбайлау болды. Енді бұл проблемалар біртіндеп шешімін табады. Қазір жолшылардың пайдалануында 4910 вагон бар. Қажет болса, тағы да бөлінеді - деді министр. 

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Премьер-министрдің орынбасарымен жұмысты бастадық. Қосымша қаражат яғни жобаның өзін қайта қараастыру қажет болады. Оны біз жасаймыз және қосымша  қаражат бөлеміз. Бүгін мердігер комапнияның екеуіне де айттық. Жұмысты тоқтатпасын, ең бастысы, биыл толығымен 257 шақырымды жол қозғалысын беруіміз қажет. Тиісті қаражат Үкімет тарапынан жылдың соңына дейін бөлінетін болады.