Алматыда қала құрылысын бақылау басқармасы 52 заңсыз нысанды анықтады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сәулет және құрылыс саласына жемқорлық тәуекелдері бойынша жүргізген талдау қорытындысын шығарды.

Бұл жұмыстар Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп жасалды. Қала құрылысын бақылау басқармасы тау бөктерінде орналасқан 52 заңсыз нысанды анықтады. Оның барлығына дереу әкімшілік шара қолданылып, сотқа талап-арыз жолданды. Кінәлілер жауапқа тартылды. Талдау ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкелетін заңнамадағы қайшылықтарды көрсетті. Осыған орай  Алматы әкімдігі нормативтік-құқықтық базаға бірқатар түзетулер енгізу туралы бастама көтерді. Атап айтқанда, «нүктелі құрылысқа» тыйым салу, қала құрылысы құжаттамасын түзету үшін  мораторий енгізуге және «шұғыл ден қою» ұғымына қатысты. Оған қоса, жер комиссиясы институты таратылып, барлық деректер қаланың цифрлық картасына енгізіледі. Бұл жайында қоғамдық кеңесте айтылды

Мұрат Сейітжапар, ҚР СЖҚІҚА аса маңызды істер жөніндегі офицері:

- Заңсыз тұрғызылған үйлер бойынша біз уәкілетті органдарға тиісті осы талдаудың нәтижесінде ұсыныстар енгіздік. Сол ұсыныстардың орындалуын біз бақылауға аламыз. Енді жергілікті атқарушы орган, әкімдік бұл мәселелерді шешу жөніндегі іс шаралар жоспарын әзірлейді.

Сондай-ақ қоғамдық кеңес отырысында агенттік өкілдері 2011-2014 жылдар аралығында қала аумағы екі есеге дейін үлғайғанын мәлімдеді. Бүгінде көлемі 68 мың гектардан асады. 2040 жылға дейін белгіленген жаңа бас жоспарда тау бөктеріндегі бос жатқан жерлер түгелдей құрылыс қарастырылмаған рекреациялық аймаққа берілді.