Теміртауда құбыр ауыстыру үшін ағаштарды отап жатыр

Теміртауда қаланың ескірген жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу үшін тал-теректі отап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мұндағы экологиялық ахуал бұрыннан жақсы емес. Ағаштарды кесіп тастаса, жағдай одан сайын ушығады», - дейді жергілікті тұрғындар. Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін міндетті түрде ағаш кесу керек пе? Әлде оның басқа да тиімді жолы бар ма?

Теміртауда ақ қайың, емен, үйеңкі, балқарағай ағаштары аяусыз кесіліп жатыр. Мердігер компания жас тал-теректерді құлатып, астынан жылу жүйесін жүргізбекші. 

Кәрима Қабатова, қала тұрғыны:

- Біздің қаламыз үшін бұл үлкен апат болғалы тұр. Бір шетінен зауыт улайды, енді, міне, жасыл желектен айырылып жатырмыз. Тереземіздің алдына күнде таңертеңгісін бір қабат шаң жиналып қалады. Сондықтан бұл ағаштарды еш кесуге болмайды.

Қалада жылу жүйесі күрделі жөндеуден өткізілмек. Ұзындығы 2 шақырымдық мына жер телімінің астындағы құбырды ауыстыру үшін 700-ден астам тал-теректі құлатуға тура келеді. Қоғам белсенділері жобаның онлайн түрде жасалғанын айтып дабыл қағып жатыр. Оның үстіне тендерді өзге өңірде тіркелген компания ұтып алған.

Марина Лаптева, қала тұрғыны:

- Жобалаушылар мұнда еш келген жоқ. Сондықтан автотұрақ пен жасыл желек бар екенін де білмейді. Олар жылу жүйесін дұрыс жүргізіп жатқан жоқ деп есептейміз. Алдымен қоғам өкілдерімен кездесулері тиіс еді. Алайда олар ешкіммен келіссөз жүргізген жоқ.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері жобаны жасау кезінде кемшілік кеткенін мойындап отыр. Тиісті өзгертулер енгізілгенімен, мәселені шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Жылу жүйесі әбден ескірген. Оны жаңаламаса, қала қыста жылусыз қалады.

Ринат Қадырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Жобаны жүзеге асыру барысында жасыл желекті аумаққа кіруге мәжбүр болып отырмыз. Кесілген тал-теректердің орнына жаңа ағаш көшеттері егіледі. Жылу жүйесі кеңестік кезеңде төселген. Содан бері ауыстырылмады. Қазіргі нормативтер де бұрынғыдай емес, қатты өзгеріп кетті. Жылу жүйесі жоғары кернеулі электр желісінің астынан өтіп жатыр. Сондықтан құбырды бұрынғы орнына қайтадан төсеп шығу мүмкін болмай тұр.

Теміртауда биыл 30 шақырымдай жылу жүйесі жөнделеді. Мердігер оны қыркүйек айында тапсыруға уәде берген. Күзде кесілген ағаштарды есептеп, әрқайсысының орнына 10 талдан егуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев.