Елімізде Астана есімді 26 тұрғын бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше елімізде Астана есімді 26 тұрғын бар.

Солардың бірі Жамбыл облысындағы Ақшолақ ауылында тұрады. Есімі ерекше тұрғын бүгінде 13 жасқа толған. Мерей Бает ерекше есімді жеткіншекпен жолығып келді.

Ақшолақ ауылының өз Астанасы бар. Олай дейтініміз ауылда елорда атымен аттас өрен тұрады. 93 жастағы Қазы ақсақал тұңғыш шөбересінің есімін өзі қойған. Зейнеткер Астана десе өркендеп тәуелсіздікпен бірге өскен шаһар еске түсетінін айтады. Сондықтан ырымдап өніп өссін деген ниетпен есіміне Астана қойыпты.

Қазы Дәрменов, Астана Ақылбаевтың атасы:

- Бір күні келінім босануға кетті. Балам телефон соқты босанды деп. Не туды? Ұл туды. Онда атын Астана қойыңдар дедім. Енді үлкен қаланың аты ғой. Соған қойдық. Ерекшесі. Өзім жақсы көрем. Басқа балалардың атын қойғаным жоқ. Осы біріншінің атын қойдым.

13 жастағы Астана биыл 7 сыныпты бітірді. Үлгерімі жоғары, спортқа етене жақын ол дзюдомен айналысады. Бүгінге дейін ол елордасында болмаса да, алдағы уақытта Астанаға баруды қалайды.

Астана Ақылбаев, Ақшолақ ауылының тұрғыны:

- Өскенде ұшқыш болғым келеді. Ата-анамды Мысыр Египет барлық жерге қыдыртқым келеді. Астананы өздеріңіз білесіздер әлемге танымал әйгілі әдемі қала. Мен де өзімнің атымды шығарып, Қазақстанның да атын шығарып елге қызмет еткім келеді.

5 баланың үлкені бауырларына қарасып, үй тірлігіне де қолғабыс жасайды.

Гүлнара Жұрымбаева Астана Ақылбаевтың анасы:

- Балаға да қарасады, үйге қарасады. Өзі мейірімді бауырларына. Ақылды, сабақты жақсы оқиды. Негізі ағылшыннан жақсы, ағылшыннан қосымшаға барады. Енді қазір бала ғой енді. Біресе ұшқыш болам дейді, кейде спорт жағына бейімделеді. Қай мамандықты таңдаса да қолдауымызды білдіруге дайынбыз.

Айта кетерлігі ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде Астана есімді 26 тұрғын тұрады. Олардың басым көпшілігі ер азаматтар екен. Сонымен қоса Астанай, Нұрастана, Бәйтерек есімді тұрғындардың есімдері де кездеседі.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә