Қостанай облысында шегірткемен күрес ширай түсті

Шегірткеден егістік алқаптары зардап шекпейді. Жағдай біздің бақылауымызда. Бүгін Қостанай облысында іссапармен болған Ауыл шаруашылығы министрі осылай деп мәлімдеді.

Ербол Қарашөкеев бірнеше шаруашылықтың егінжайын аралап, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Қостанай ауданындағы Василий Куц басқаратын шаруа қожалығының жерінде табынды шегіртке бірер апта бұрын пайда болыпты. Бірден аумақтық инспекцияға хабарласқан. Көмек жедел жетті, - дейді. Дер уақытында жүргізілген химиялық өңдеудің арқасында алқабындағы зиянкестердің 70%-і жойылған. Енді оның жәндік жұмыртқа салып, балаң құрттары келер жылы тағы шыға ма деген қаупі бар.

Василий Куц, шаруа:

- Алдағы жылға қазірден қамдану керек. Ошақтары сақталып қалса, тағы таралуы мүмкін. Сондықтан химиялық өңдеу кең көлемде өткізілсе дұрыс болар еді.

Жалпы Қостанай облысы бойынша биыл 600 мың гектарда шегірткенің шығу тәуекелі бар деген болжам жасалған. Соған қажетті у химикаттар қоры алдын-ала дайындалды, - дейді Ауыл шаруашылығы министрі. Керек кезінде көмекке келерлік техникада жеткілікті деп отыр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қостанай облысында егіс алқаптар – 4,6 миллион гектар, соның ішінде дәнді бұршақ дақылдардың егіс алқабы – 4,1 миллион гектар. Осы шегірткеден зардап шеккен алқаптың көлемі 500 гектардан аспайды. Яғни, шегірткеден 1%-тен төмен алқаптар зардап шегіп отыр. Ол ахуалды біз бақылап отырық. Тағы да басқа бірде-бір гектар шегірткеден зардап шекпейді. Себебі біз дер кезінде мамандардың барлығы бар, техника бар, улармен, дәрілердің бәрілері бар.

Облыста барлығы 397 мың гектар алқапта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізу жоспарлаған. Соның бүгінде 356 мың гектары еңсерілген. Қалған аумақты 2-3 күнде аяқтаймыз дейді. Басқаларға қарағанда зиянкестердің залалын көбірек тартқан Жанкелдин ауданында алдағы күндері химиялық өңдеу жұмыстары жалғасын таппақ.

Сембай Сағындықов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

-Жанкелді де әлі де жұмыс істейді. Қазір мына жерді болғасын, 1-2 күннен кейін қайтадан Жанкелді ауданына барады. Шегірткелер ар жағынан Ақтөбе облысынан келіп жатыр ғой. Солай енді айналып жүре береді ғой. 

Ауыл шараушылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысына  сапарын қорытындылай келе, биыл астық түсіміне, азық-түлік қауіпсіздігіне шегірткенің еш кесірі тимейді деп нық сеніммен түйіндеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.