Еліміздегі 20 мың оқушы жазғы лагерьде тегін демалады

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жазғы сауықтыру лагеріне жолдама алған 20 мыңға жуық ауыл баласы елдегі үздік 30 лагерьде демалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Елорда төріндегі Назарбаев Университетінде 10 күнін өткізген Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарынан келген 350 өрен маусымды аяқтады. Бүгін оларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жеткіншектер ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Бақытты балалық шақ» атты есеп беру концертін өткізді.

«Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы биыл алғаш рет жүзеге асып отыр. Игі бастамаға Қазақстан халқына қоры мен Оқу-ағарту министрлігі мұрындық болды. Мақсат – ауыл мектептерінде үздік оқитын балаларға жазғы лагерьлерде демалуға жағдай жасау. Биыл 20 мыңға жуық жеткіншек тегін жолдама алды. Ол үшін қор 2 миллиардқа жуық қаржы бөлді.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл бағдарлама ауылдағы балаларға. Қаладағы балаларға бұл жаздық жолдама деген бағдарламаға кіре алмайды. Өйткені қалада мүмкіншікліктер көбірек. Жаздық жолдама деген бағдарламаны мына бізге білім министрлігі ұсыныс берген. Ол ұсынысты бізде зерттеп, қабылдап және де қамқоршылық кеңесіміз тәмамдап, бекітіп берді.

Бұл жазғы лагерь әдеттегіден өзгеше. Мұнда балалар тынығып қана қоймай, бас-аяғы 20-ға жуық үйірмеге қатысып, білімдерін шыңдай түсті. Лагерь университеттің ішінде орналасқан. Ол үшін елдегі ең озық халықаралық деңгейдегі оқу ордалары таңдалынып алынған. Ақтаудағы Есенов, Алматы  шаһарындағы Сүлеймен Демирел және Астанадағы Назарбаев Университеті жас өрендерді қабылдады.

Ерлан Әбілдә, балалар лагерінің филиал директоры:

- 50 лагерь деген үлкен жоба бар. Ауылдың балаларын үлкен қалаларға жіберіп, демалдыру. Университетті алған себебіміз, үздіктер Қазақстанда осындай жоғары деңгейдегі халықаралық университеттер бар. Сендер үздік болғаннан кейін осы жерге оқуға түсуге үлкен мотивация болсын деп, универтситетті алып отырмыз. Қаланың шетіндегі лагерь емес, үйшіктер емес. Осындай база бар екенін көрсін. Ең бастысы, білім алуға құштарлығы артсын деген ниетіміз біздің.

Назарбаев Университетінде жазғы демалысын өткізген 350 бала 10 күн бойы алған әсерлерімен бөлісті. Тәрбиешілеріне алғыс ретінде «Бақытты балалық шақ» атты есеп беру концертін ұйымдастырды. Театрландырылған сахналық көріністер қойып, көпшілікті өнерімен тәнті етті.

Адина Қоғабаева, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

- Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин ауылынан  келдім. Кішкентай ауылдан. 7-сыныптың оқушысы. Айналайын лагері күшті.  Бүгін – соңғы күніміз. Солай керемет уақыт өткіздік. Сол 10 күннің ішінде.  Әсіресе ұнаған – дискотека, отрядпен бірге уақыт өткізу, танысу. Бір қызық ойындар сияқты. 

Жазғы жолдама лагері әлі де жалғасады. Ертең Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарынан келетін балалардың келесі легін қабылдайды. Еліміз бойынша жалпы саны 30-ға тарта орталық ауыл балаларына жазғы демалысты тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлап жатыр.

Авторлары: Азамат Серікхан, Асхат Қарақойшиев.