СҚО-да шегірткеге қарсы алдын алу шаралары күшейтілді

Өңірде Қостанайдағы жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды.

Қазір зиянкестерге қарсы шекаралас аудандарда дәрілеу жұмыстары басталды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Егіннің басты жауы – үйірлі шегіртке. Бұл зиянкестер тез көбейеді, әрі топтасып ұшады. Олар бас көтерсе бой бермейді. Осындай алқаптардың түгін қалдырмай жайпап өтеді.

Үйірлі шегірткелер күніне ондаған шақырым жерді секіріп өте алады. Қазір диқанның көңілі алаң. Олардың ойынша қауіп көрші Қостанай облысынан келуі мүмкін.  

Байкенже Құрманов, фермер:

- Біз Ақмола және Қостанай облыстарымен шектесеміз. Қазір жағдай тұрақты. Италиялық шегірке байқалмайды. Бірақ, қауіптің алдын алу үшін көрші ауданның шаруаларынан хабар алып тұрамыз.

Қазір химиялық өңдеу шаралары 7 ауданда аяқталып қалды. Әсіресе, Қостанайға жақын диқандар егін алқаптарын жаппай зарарсыздандырып жатыр. «Әзірге, шегірткелер байқалмайды», - дейді мамандар.

Нұрлан Бүркіталин ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы:

- Бүгінгі таңда шаруалар химиялық өңдеу шараларын жүргізіп жатыр. Ол үшін пестицид қоры жеткілікті. Техникалар дайын. Ал фитосанитарлық зерттеу қорытындысы бойынша, шегіртке анықталған жоқ.

Өңірде зиянкестерге қарсы 520 мың гектарға жуық жер дәріленді. Бұл жұмысқа бір жарым мың бүркуіш техникасы жұмылдырылды.  

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков