Қолды болған қаржыны қазынаға қайтару: жаңа заң несімен ерекше?

Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Заң сыртқа кеткен қыруар қаржымен қатар ел ішіндегі ірі нысандардың активтері, дүние-мүлкі мен төленбей қалған салықты қазынаға қайтаруды қарастырады.

Сөйтіп, бұл заң несімен ерекше? Қолды болған қаржыны мемлекетке қайтарудың жолы қайсы?

Бүгін қабылданған заң сыртқа кеткен қыруар қаржымен қатар елдегі ірі өндіріс активтерін, заңсыз жолмен табылған дүние-мүлік пен төленбей қалған салықты қазынаға қайтаруды қарастырады. Құжат олигополияға қатысы бар, бұрын-соңды билік тізгінін ұстаған не квазимемлекеттік компанияларды басқарған тұлғаларды тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күмәнді жолмен байығандармен ымыралас азаматтар да осы заң бойынша тексеріледі.   

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару бойынша ведмоствоаралық комиссияның ресми өкілі:

- Олигополия өкілінің немесе жемқорлыққа барған тұлғаның көлік жүргізушісі, танысы, ағайын-туысы болуы мүмкін. Яғни, заңсыз алынған активтерді сол азаматтардың атына жазып қойған. Яғни, бұл заңды бұзған адамдардың барлығы да түгелдей жауапқа тартылуы тиіс деген норма ұсынылған, осындай ерекшелік енгізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, алдымен күмәнді жолмен байығандардың реестрі құрылады. Ол тізімге активтері 44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын тұлғалар кіреді.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару бойынша ведмоствоаралық комиссияның ресми өкілі:

- 100 млн долларға дейінгі активтерді заңсыз алғандардың бәрі жазаланбай  ма деген сұрақ туу мүмкін. Олар міндетті түрде жазаланады. Олар басқа, қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекс бар, заңдар бар. Солардың негізінде жазалана береді. Ал 100 млн-нан жоғарылар нақты активтерді қайтару туралы заңның негізінде жауапқа тартылатын болады.  

Мемлекеттен жымқырылған активтерді қайтарумен Бас прокуратураға қарасты арнаулы ведомство айналысады. Уәкілетті орган мемлекеттік мекемелер ұсынған ақпарат пен заңнамада тыйым салынбаған дерек көздерге сүйене отырып, тиісті талдау жүргізеді. Егер тұлға дүние-мүлкі мен ақшасын заңды жолмен иемденгенін дәлелдей алмаса, онда активтердің шығу тегі күмәнді деп танылады.

 Әнуар Нұртазин, экономист:

- Шын мәнінде қаражатты жымқыру мен заңсыз бастамаларды қаржыландыруға қарсы күресетін заңдар әлем елдерінде бұрыннан бар. Мұндай заң нормалары қаржы ағынын талдау мен ақша айналымын үнемі бақылауды көздейді. Яғни, активтердің қолды болып кетуінен қорғайтын заңдар. Бізде қабылданған заң қаржыны заңсыз шығару жолдарын тапқан жеке тұлғалар мен бенефициарларды бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Заңсыз иемденген активтерді қайтару туралы заңның 2 түрлі мақсат-міндеті бар. Алғашқысы – мемлекет уысынан шығып кеткен активтерді қайтару. Ал екіншісі – заңды белден басып, байығандарды жазалай отырып, мұндай схемаларға тосқауыл қою. Дегенмен бұл құжат кезінде иемденіп кеткен активтерді өз еркімен қайтаруға да жол ашып отыр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт.