Жетісу облысында әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар

Жетісу облысында әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар.

Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ елдімекеніне тартылған электр желісі тоқсаныншы жылдары қолды болып кеткен. Содан бері тұрғындар майшам, генератор немесе баламалы қуат өндіретін құрылғыны пайдаланып келеді. 30 жыл бойы өркениеттен ажырап қалған ауылға биыл электр желісі тартыла бастады.  

Зираш Есімбекованың күн энергиясын жинайтын құрылғысы ұялы телефонды қуаттап, бір бөлмені ғана жарықтандыруға жетеді. Сондықтан ол теледидарын қоспайды, тоңазытқыш пен плитаны да пайдаланбайды. Тұтас өркениеттен қағылған тұрғын электр тоғының берілуін тағатсыздана тосып жүр. 

Зираш Есімбекова, ауыл тұрғыны:

- Тоқ келсе цивилизация болады ғой. Телевизор қосамыз, холодильник қосамыз, сеператор қосамыз. Сиыр сауып, сүт тарытп ел қатарлы ауылды жерде тұратын адам құсап сүт клегей жейміз. Әйтпесе кілегейді бүгін тартсаң ертең ашып кетеді. Сүтіңді бүгін саусаң ашып кетеді. Обал.

Оншақты отбасы түтінін түтетіп отырған ауылдың өзекті мәселесін кезінде шетелдіктер шешпек болған. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- 2011 жылы елдімекенге оңтүстік кореялық компания күн электр станциясын тарту еткен. Сол кезде жергілікті атқамінерлердің ешқайсысы оны мемлекет меншігіне қабылдап алмаған. Бас иесіз нысан небәрі екі жылдай жұмыс істеп, артынша істен шықты. Соның салдарынан ауыл тұрғындары тағы да жарықсыз қалған.

Жобаны жүзеге асырған компания станция жанынан ұңғыма қазып, ауылға ауызсу шығарып берген. Қуат көзін өндіретін құрылғы бұзылғалы суағардан тамшы да тамбай тұр.  

Абдул Хуншиев, ауыл тұрғыны:

- Мына құдықтан су ішеміз. Мына құдықтан малда адамда итте ішеді. Насосты қосып, екі калонка бар соны жасау керек.

Аудандық әкімдік жарықтандыру жұмыстарына 220 млн теңгеден аса қаражат бөлді. Тендерді жеңіп алған мердігер мекеме электр желісін  ауылға дейін жеткізіп, қазір үйді үйге тоқ тартып жатыр.  

Абдолла Көлбаев, ауыл тұрғыны: 

-  Жарық күткенімізге отыз жыл болды. Құдайға тәубә  жарық келді. Енді жақсылық қуаныш болсын деп жатырмыз ғой. Рахмет айтамыз. 

Абылай Орынтай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Ағымдағы жылдың 15 шілдесінде жұмыстар толықтай аяқталу жоспарлануда. Сонымен қатар мердігер тарапынан 15 тірек орнату көше шамдарын орнату жоспарлануда. Жұмыстар толық аяқталғанда электр желісін береміз. Электр желісімен қатар ауыз су жүйесін ұңғымадағы насосты іске қосып беруді жоспарлап отырмыз. Сол кезде тұрғындар ауызсумен электр желісімен қамтылады. 

Сарыбұлақ пен іргелес жатқан Қазынсу мен Шилісу ауылдарына да көше шамдары орнатылып жатыр. Және кірме жолға жаңадан асфальт төселіп, төрт елді мекеннің көлік қатынасы жақсара түсті.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов