Оралда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-жәрмеңкесі ашылды

Оралда «Қазақстанның үздік тауары» атты отандық өнім өндірушілердің дәстүрлі көрме-жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 40-қа жуық кәсіпкер қатысып жатыр. Байқау барысында ең үздік 9 кәсіпорын қазан айында Астанада өтетін республикалық көрмеге жолдама алады.

Биылғы шараның бір ерекшелігі – «Бір ауыл – бір өнім» атты жәрмеңкенің қоса өткізілуі. Мақсат – несие алып, өз ісін өрге бастырған, жаңа жұмыс орындарын ашқан ауыл кәсіпкерлерін насихаттау, олардың өнімдерін қаладағы іскер топ өкілдеріне таныстыру, - дейді ұйымдастырушылар. Мысалы, шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданынан келген Назымгүл Оразгелдиева құмда өсетін құмаршық деген дақылдан  тәтті пісіруді қолға алған. Әрі қой жүнінен түрлі бұйым тоқып, ауылдастарына өткізеді.

Назымгүл Оразгелдиева, кәсіпкер:

- Негізі қазір қойдың жүнін бәрі лақтырып жатыр. Пайдасыз, түйенің жүнін де солай пайдаланбайды. Осыны қайтадан жаңғыртып, далаға кетіп жатқан байлығымыз ғой, былай қарап тұрсаң. Ең көп таралған шикізат – қойдың және түйенің жүні ғой. Көрмеге қойдың жүнінен жіп иіріп әкеліп тұрмыз.

Эльмира Өтешева, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалының бөлім басшысы:

- Біздің ойымызда жаңа ғана тауар өндіріп жатқан, 2-3 жыл болар тауар өндіріп жатқан компаниялар бар. Соларды тауып, осындай байқауға қатыстырып жатырмыз. Тегін жарнама ретінде және де көрмеде кәсіпкерлер бір-бірін тауып, бір-бірінің тауарын алып, бір-бірінен шикізат алып, сөйтіп айналысады деген ойдамыз. Сол бағытта ұйымдастырып жатқан осы көрме-байқауы.