Астанада «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтті

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті болып Рауан Кенжеханұлы сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Астанада осы қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтіп, алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Құрылтайға республиканың әр өңірінен тіл жанашырлары мен ғалымдар қатысып, ұсыныстарын ортаға салды. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бұған дейін ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту, қазақ мектебі мен балабақша ашуға қатысты бірқатар шаруаның басын қайырған. Ономастиканың өзекті мәселелерін шешу мақсатымен жұртшылық арасында белсенді үгіт-насихат жүргізіп, қыруар іс тындырған. Жаңа басшы тілге қатысты әлі де атқарылатын шаруа шаш етектен деп отыр.

Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті:

- Тілдің мемлекеттік деңгейде дамуы мен қолданыс аясының кеңеюі үшін әлі де жасалатын шаруа көп. Соның ішінде бірінші қолға алатынымыз ғылыми әдістемелік жұмыс. Соның ішінде балаларға оқушыларға, жалпы білім беру жүйесінде қажетті әдістемелік оқулықтар сапалы түрде шығарып, қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Халықаралық қоғам мемлекеттік тілдің қолданылу аясын барынша кеңейтуге өз үлесін қоспақ. Ол үшін барлық тиімді тәсілдерді пайдалануды көздеп отыр. Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қазақ тілінің халықаралық деңгейде өрісінің кеңейе бастағанын атап өтті. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Жақында «Онлайн платформа» және жарнама туралы заң қабылданды. Бұл заңның негізгі қағидаларының бірі – бүкіләлемдік алпауыт компаниялар – Мета, Instagram, Facebook, Google, YouTube сияқты компаниялардың интерфейсін қазақшалау. Ол жұмыс басталды. Қазақшаланып жатыр. Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі өрісін кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді ғой деп ойлаймын. Масс медиа туралы заң жобасы қаралып жатыр Мәжілісте. Оның бізге беретін негізгі тұсы бұған дейін баспасөз де, телевидение де 50/50 деп келген. Біз оны өзгертіп қазір 70/30 деп жатырмыз.

Бүгінде қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналды. Бұл туралы Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. Яғни, қазір әлемге белгілі фильмдер қазақша сөйлеп жатыр. Енді ана тілімізді күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тіліне айналдыру керек деген. Бұл  – қоғамның ортақ міндеті.

Дихан Қамзабекұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы:

- Бұл міндеттер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда, кешегі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан ойынан пікірінен туындауы тиіс. Біріншіден, қазақ тілі өз ауданында қалып қоймай, қазақ тілі әлемдік үлкен бір коммуникациялық ақпараттық дүниелерді елімізге әкелуі керек. Мағынасы неде? Қазақ тілі ғылымның байланыстың, қоғамның барлық салдасындағы тілге айналуы керек.

Алда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын үкіметтік емес ұйым ретінде қаржыландыру көздерін қарастыру мәселесі тұр. Ұйымның жаңа сайланған президенті бұл мәселені біртіндеп шешеміз деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев.