Қостанай облысының тұрғындары көкөніс шаруашылығын дамытуға ниетті

Қостанай облысы Жітіқара ауданының тұрғындары көкөніс шаруашылығын дамытуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аумақ егінге қолайсыз. Оның үстіне кейінгі 5 жыл бойы құрғақшылық қыспаққа алып келеді. Бірақ тығырықтан шығатын жол тапқан шаруалар биыл ойдағыдай өнім жинауды мақсат етіп отыр.

Бұл – Ырсай ауылындағы астық егетін шаруашылық. Олар жұмсақ және қатты бидай егумен айналысады. Биыл бос жерлерге сынақ ретінде көкөніс өсірмек. Қазір ондаған гектар картоп, сәбіз, қызылша және қырыққабатты күтімге алған. 

Евгений Гришко, астық егетін компания директорының орынбасары:

- Жерді дайындап алдық. Сосын өңдедік. Мұнан соң тұқым сатып алдық. Ал былтыр суару жабдығын сатып алдық. 2 суару құрылғысына 55 миллион теңге жұмсалды. Осылайша, биыл егін егуді бастадық. Қазір тыңайтқыш сеуіп, суарып жатырмыз.

Әзірге Жітіқара ауданындағы 2 шаруашылық 50 гектар жерге көкөніс еккен. Қостанай облысының бұл бөлігіндегі ауа райының ерекшелігіне байланысты суару құрылғыларын қолдануға мәжбүр.

Дияр Айжаров, Жітіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл аумақтың ауа райы егінге қолайсыз. Біз 2018-2019 жылдары егіннен өнім жинай алмадық. Содан кейін суаруды бастадық. Тек былтыр жауын болып, егін бітік шықты. Биыл барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көңіл күйі көтеріңкі. Жақсы өнім күтіп отыр. 

Биыл жітіқаралық шаруалар 233 мың гектар жерге егін екті. Былтырғы көлеммен шамалас әр гектардан 8,5 центнер өнім жинау межеленіп отыр. Ал жауын әлі де мол болса, бұл көрсеткіш едәуір артуы мүмкін.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг.