«Бозторғай» телехикаясы күзде жалғасады

«Бозторғай» телехикаясының екінші маусымы Қостанай облысында түсіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол шынайы оқиғаға негізделген. 10 баланы асырап алған Садықовтар әулетінің өнегелі өмір жолынан сыр шертеді. Өңірде осындай ірі киножоба алғаш рет қолға алынды. «Хабар» агенттігінің жаңа туындысы күзде көзі қарақты көрермен назарына ұсынылады.

Қазақ драма театрының актері алғаш рет телевизиялық образды сомдайды. Төленді Әлқожа жағымсыз кейіпкерге айналуы тиіс. Фильмде барлығы 50-ден астам негізгі және эпизодтық рөлдер бар.

Төленді Әлқожа, актёр:

- «Бозторғай» сериалында менің образым «Бакавой» деп аталады. Лақап аты ғой. Шын аты жазылмаған. Бұл 90-шы жылдардағы бұзық жігіттер ғой. Бандит жігіттер.

Екінші маусымдағы тағы бір кейіпкер Бекон болмақ. Оның рөлі Бақдәулет Асылбекке жүктелген. Жас актердің көтерер жүгі жеңіл емес. 

Бақдаулет Асылбек, актёр:

- Бекон деген бала өте қатты ұнайды. Бұл бала балалар үйінен және бұл бала жұмыс істейді, ақша табады.

«Бозторғай» телехикаясы шынайы оқиғаға негізделген. Бұл Нұрлан мен Қарлыға Садықовалар туралы әңгіме желісімен байланысты. Отбасылық жұп 90-жылдары 10 баланы асырап алған. Ауыр кезеңдерде мойымай, балаларды жақсы тәрбиелеп, өсіреді. Сериалдың алғашқы маусымы қазақстандықтардың жүрегіне жол тапты. Көкрермен қауым қызықты туындының жалғасын сұраған. 

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Рейтингі жақсы берді. Содан кейін халықтан біз сауалнама жүргіздік. Осы «Бозторғай» сериалын қаталап түсіріп, жалғасын көруге болады ма, қалай қарайсыздар деген кезе, көп адам, 93%-і қолдап дауыс берді. Яғни, халықтың қызығушылығы жоғары болды. Сол себепті біз биылғы жылы «Бозторғай 2», яғни жалғасын көрерменге ұсынғалы отырмыз.

«Бозторғай» телехикасының екінші маусымы басты кейіпкерлердің тарихи отанында түсіріліп жатыр. Қостанай қаласы мен оның маңайынын бөлек, Әулиекөл ауданының орманды алқабы мен Арқалықта түсірілім жұмыстары жүреді. 

Жалын Тілеуберген, «Бозторғай» телехикаясының продюсері:

- Жол қашық. Логистика алыста деп, бірақ түсіргіміз келетін ниетімізді таныттық. Бұл кісі бірден қолдап, осы облыс әкімшілігіне шығып, осындай біздің туындымыз сіздер жақта түсірілсе деген ұсынысын білдіріп, ол кісілер бізді жан-жақтан қолдап, бізге демеу көрсеткеннен кейін біз осы жаққа келіп отырмыз.

Түсірілім жұмыстарына қала тұрғындары да қатысып жатыр. Олар ескі пәтерін, кеңес кезеңіндегі көліктер мен түрлі бұйымдарды тауып берген. «Бозторғай» сериалының екінші маусымын түсіруге шамамен 1,5 айдай уақыт керек. Туынды экраннан қазан айында көрсетіледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг.