Абай облысында 149 мектеп жаңа кейіпке енеді

Жаңа оқу жылына дейін Абай облысында 149 мектеп жаңа кейіпке енеді.

Бұл жұмысқа бір жарым миллиардтан астам теңге қарастырылған. Бюджеттің қыруар бөлігі Көкпекті ауданына бөлінеді.

Көкпекті ауданының Үлгілі малшы ауылындағы мектеп 1976 жылы салынды. Соңғы уақытта білім ордасының жылу құбырына қатысты сын жиі айтылатын. Биыл көптен күткен жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 24 миллион теңге бөлінді.  

Серікболсын Құрманғалиев, Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің шаруашылық меңгерушісі:

- Мектептегі қазандықтың мұржасы ауысады. Тоқ жүйелері ауысады. Және де жұмысшылардың отыратын жерлері жөнделеді. Қазандықтың желдеткіштері бар шаң соратын. Үрлейтін вентиляторлар ауысады.

Толағай ауылындағы тоғыз жылдық мектепте де құрылыс жұмыстары қыза түскен. Спорт залының едені мен терезесі ауыстырылып жатыр. Бұдан бөлек демеушілер қаражатына білім ордасының екі кабинеті жаңа кейіпке енеді. 

Гүлфия Тоқтасынова, Куйбышев атындағы негізгі мектептің директоры:

- 1996 жылы салынғаннан бері спорт залға жөндеу істелінген жоқ. Едені тақтай. Шіріп кеткен. Ыңғайсыз болды балаларға. Қауіпті. Аяқтарын сындыруы мүмкін.

Биыл Көкпектідегі 10 мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұған облыс бюджетінен 147 миллион теңге қарастырылған. Бірақ мұнымен мәселе толық шешіледі деу ерте. Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, өңірдегі 18 мектеп күрделі жөндеуге зәру.

Аслан Танысбаев, Көкпекті аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Биыл кірмеген мектептерді ендігі жылға кіргізіп отырмыз. Биыл осы он жоба бойынша жұмыс атқарып тастасақ, ендігі жылы қалған мектептерді 100 пайыз кіргіземіз. Оның ішіне тағы да 3 балабақшамыз кіреді.

Жаңа оқу жылында ауданда мектеп жанынан ашылатын шағын орталықтар көбейеді, дейді жергілікті билік. Бұл халық саны аз ауылдардағы мектептің сақталуына септігін тигізуі тиіс. Осыған орай биыл үш ауылда шағын орталықтар пайда болды.       

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

- Жалпы болашақта бірде бір ауыл балабақшасыз қалмауы керек. Былтырғы жылғы есеп бойынша 12 ауылда балабақша болмаған-тұғын. Биылғы 5-6 ауылда ашып береміз. Келесі жылы алты ауылда ашамыз. Сонымен мектепке дейінгі балалардың мәселесін шешетін боламыз.

Қазір Абай облысында 9 білім ордасы толық жөнделіп жатыр. Ал 140 мектепте ағымдағы жөндеу басталды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы