Оралда тарихи нысандар қалпына келтіріліп жатыр

Орал қаласының ескі аумағында қаз-қатар тізілген ғимараттардың көбі тарихи-мәдени мұра ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.

Олар кемінде ХІХ ғасырдан бері тұр. Көне нысандар қазір тұрғын үй, мемлекеттік органдар кеңсесі, білім және бизнес орындары ретінде қолданылып келеді. Қазір сол мекемелердің бірқатары ғимараттарға реставрациялық жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің тоғысқан тұсында орналасқан Орал – қазақ даласындағы көне шаһарлардың бірі. Қала маңынан табылған ХІІІ ғасырға тиесілі Жайық қалашығының орны соған дәлел. Бөкей мен Жәңгірді халық ақ киізбен көтеріп, билеуші етіп сайлаған Хан тоғайы да тарихқа тұнып тұр. Ал қазақ зиялыларының үйі мен жұмыс орындары туралы таңды таңға жалғап айтуға болады. «Дәл осы тарихи нысандардың маңыздылығы кеңестік кезеңде казак-орыс көпестері мұраларының көлеңкесінде қалып қойды», - дейді өлкетанушы.

Сара Танабаева, өлкетанушы:

- Оны лайықты түрде насихаттамайды. Бұрын әлгі тек қана орыстардың Овчинниковтың үйі, Каревтің үйіменен аяқталатын еді. Атамандардың үйі дейді, тағы бірдеме дейді, сол сияқты. Менің айтып отырғаным, өзіміздің қазақ тарихына, Хиуаз Доспанованы неге айтпаймыз, Қажым Жұмалиевті неге айтпаймыз, Қасым Аманжоловты неге айтпаймыз. Сол жерде шиырлаған біздің асылдардың ізі қалған жерлер. Туризмге әсіресе жастарға, балаларға өзіміздің қазақы тарихымызды айтатын болсақ, тұнып тұр.

Қалада әлі күнге қолданыста келе жатқан 120 тарихи-мәдени ғимарат бар. Олардың 8-і республикалық маңызға ие. Мәселен, 1879 жылы қазақ балаларына арнап халықтың өз қаржысына салынған қолөнер мектебі қаз-қалпында тұр. Мұнда қазір облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан.

Іңкәр Оразова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

- Қазақстандағы қоры жағынан өте бай музейлердің бірі. Құрамында 17 филиалы бар. Шетелден келеді. Өте көп келеді шетелден. Аудармашысымен келеді көбінесе. Қаланың бұрын бір жағы «сиса жағы», бір жағы «бархат жағы» деп аталғанын, бархат жағымен бай-көпестер жүрсе, сиса жағымен жай адамдар жүргендігін айтамыз.

Облыс әкімдігінің ғимараты ХІХ ғасырда коммерциялық банк болған. Кезіндегі қыздар гимназиясы енді кешкі ауысымдағы мектепке, әйелдер гимназиясы университеттің қосымша ғимаратына айналды. Қазынашылық ғимарат Ұлттық Банк филиалына берілген. Мемлекеттік қорғауға алынған нысандардың жартысынан көбі тұрғын үй ретінде қолданылып жатыр. Соның ішінде бұрын Чапаев дивизиясының штабы мен офицерлер клубы орналасқан қазіргі көппәтерлі үй биыл апатты деп танылып, сүруге жіберілді.

Иван Короновский, қала тұрғыны:

- Үйдің жағдайы қорқынышты. Қабырғалары жарылып тұр. Іші суық. Қыста жылыту мүмкін емес.

Ал 10 нысанда реставрациялық жұмыстар жүргізіле бастады. Сол ғимараттарда орналасқан мекеме жобаны өз бюджеті есебінен қаржыландырады. Тек тиісті жоспарды тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясымен бірге бекітуі қажет.

Әлия Сағынова, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының инспекторы:

- Бірінші әскери баспахана, музей және кітапхана қазіргі тері-венерология диспансерінде ғылыми реставрация жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры, Островский атындағы орыс драма театрында жоспарланып отыр. Көпес Ванюшиндердің үйі. Ғ.Тоқай оқыған медресе, қазіргі тұрғын үй сол жерде жұмыстар жүріп жатыр. Егер ғимараттың сыртқы бейнесіне өзгеріс енгізілетін болса, инспекция тарапымен келісіп жүргізуі қажет. 

Басты көше бойында қаз-қатар тізілген тарихи нысандар туристерді ХІХ ғасырға жетелей жөнеледі.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- «Орал – ғалам, о, шіркін, Орал – ғалам!

Көне музей секілді тоналмаған». Ақын Ертай Ашықбаев қаланың келбетін өлеңнің екі-ақ жолына сыйғызған. Шаһардың ескі бөлігін араласаңыз, ашық аспан астындағы бейресми мұражайды аңғаруға болады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.