БҚО-да балалар үшін демалыс орындары салынады

Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы мен Озерный ауылында балаларға арналған демалыс орындары салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысандар жыл бойы жұмыс істейді. Биыл өңірдегі 2-10 сынып оқушыларының 88%-і жазғы лагерлерде демалуға мүмкіндік алды.

6-сынып оқушысы Айым лагерьге Тасқала ауданынан келіпті. Өз отрядындағы 33 жеткіншекпен бірге Деркөл өзенінің арғы бетінен бір күндік жорықтан оралған беті. Өздері тамақ пісіріп, алау жағып, шатырда түнепті. Алған әсері ұшан-теңіз. 

Айым Темірболатқызы, оқушы:

- Ең керемет сәттерді бастан кешірдік. Алауда отырып ән шырқадық. Бір-бірімізге деген қандай сезімдерімізді айттық. Жақсы әсермен аяқталады. Алыс болса да, жаяу жүрсек те, соның бәрі қызықты. Ертең осы сәттерді еске алып, күліп отырамыз, болған өмір ұқсайды болмағанға деп. Иә, осы.

Бұл туристік сауықтыру кешенінде биыл жазда 2 мыңға жуық бала демалады деп жоспарланса, соның 900-іне жолдама «Қазақстан халқына» қорынан берілді. Облыстың әр түкпірінен жиналған оқушылар 10 күн бойы қаланың көрікті жерлерін аралайды, спорттық туризмнің әліппесін таниды, табиғат аясына шығады, түрлі сайыстарға қатысады.

Аянат Жақсыбекқызы, оқушы:

- Мұнда көңілді, өте көңілді. Ішің пыспайды. Телефон қарап отырам деген жоқ. Үнемі топтық жұмыстармен, үнемі бірлікте жүреміз. Жорыққа барған кезде өте көңілді болды, суға түстік.

Ғалым Бекқалиев, БҚО Балалар туризмі және экология орталығының директоры:

- Бүгінгі күні «Қазақстан халқына» деген қорынан балалар 5 ауысымда 625 бала демалып жатыр. Тағы деген 7 ауысымда 895 бала қабылдаймыз. Бәрі ауданның балалары демалып жатқан. Бәрі қадағаланып, өздері деген әр ауданның білім бөлімдері балаларды жинайды. Сосын тізімді облыстық білім басқармасына береді.

Каникул басталғалы батысқазақстандық оқушылардың 88%-і жазғы демалыспен қамтылған. Оның басым бөлігі мектеп жанындағы лагерьлерде тыныққан. Өңірде қала сыртындағы 19 лагерь болса, тағы 2 демалыс орны салынбақ. Хан Ордасы ауылындағы лагерь құрылысы келер жылы, ал Озерное ауылында 26 жылы басталады. 

Хажарбибі Искандарова, БҚО Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бөкей Ордасы ауданында 100 орындық. Бәйтерек ауданында 400 орындық. Облыс бойынша талдаулар жүргізілген кезде Бөкей Ордасы көне тарихи жеріміз бар. Жәңгір хан, Хан ордасы ауылы сол жер таңдалды. Ол жерге тек облысқа емес, басқа өңірлерден оқушыларды тарту мақсатында таңдалды. Және Бәйтерек ауданында Озерное ауылында демалуға қолайлы жағдай жасалған.

Күні бүгін жоба-сметалық құжаттар жасақталып, өзге де әзірлік жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.