Атырауда саябақтардан сән кетті

Атырау қаласында қыруар қаржыға салынған саябақтардан сән кетті.

Субұрқақтар істен шығып, гүлзарлар тапталып жатыр. Қараусыз қалған демалыс алаңдары қаңырап тұр. Жергілікті билік бұл мәселені шешумен айналысып жатқанын айтады.

Бұл облыс орталығындағы ретро-саябақ. 2017 жылдың күзінде қала күніне орай ашылған еді. Бірақ қазір қараусыз қалған. Айналдырған 6 жылдың ішінде саябақтың сәні кетті. Көрме орталығына айналуы тиіс ғимарат пен дүкен жабық тұр. Ал амфитеатрдың іші қоқысқа толған. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Неоклассикалық үлгідегі ретро-саябақтың қазір күйі осындай. Жергілікті биліктің жоспарлағанындай болмады. Үздіксіз атқылап жатуы керек субұрқақтар да істен шыққан. Қазір бұл саябақ қаңырап бос тұр. 

Бұл саябақ кезінде сенімгерлік басқаруға берілген. Бірақ кәсіптің кілтін таппағандардан қайран болмады. Гүлзар күнге күйіп, суарылмаған ағаштар қурап қалған. 

Мұрат Халық, қала тұрғыны:

- Ашылған уақытта керемет саябақ еді. Кейін жекенің қолына өтіп, қор болды. Күтіп баптаса демалушылар үшін таптырмас орын. Субұрқақтары да ңске қосылса жақсы болар еді. 

Ал бұл Жайықтың оң жағалауы. Өзен бойымен «Жастар саябағы» жалғасып жатыр. 3 жылдың ішінде кем-кетігі көрінді. Демеушінің көмегімен 4 млрд теңгеге салынған саябақ жастар үшін аса қолайлы емес. 

Дияр Латиф, қала тұрғыны:

- Жастардың уақытты көңілді өткізуіне арналған орын тапшы. Мысалы, Астанадағы Ботаникалық бақ пен мына жерді салыстыра алмаймыз. Атырауға да сондай саябақ салынуы керек деп ойлаймын. Қазір біз достарымыз мұнда жүргеннен гөрі тыныш жерде әңгімелескенді ұнатамыз. 

Саябақтардың жәй-күйінен жергілікті билік хабардар. Былтыр қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі ретро-саябақты сенімгерліктен өз теңгеріміне алыпты. Енді қалпына келтіру жұмыстары басталатынын айтады. 

Нұрбол Жампейісов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бекітілген келісім-шартқа сәйкес күтіп ұстау жұмыстарын тиесілі жасалмауына, уақытылы ақаулықтарды жоймағаны үшін халықтың наразылығы туған болатын. Ретро-саябақтағы субұрқақтарын, жасыл желектерді суару жүйелерін және тағы басқа сынып тұрған, бұзылған нәрсенің бәрін қалпына келтіру жұмыстары аяқталысымен халық қолданысына ұсынамыз. 

Ал жастар саябағындағы олқылықтың орнын толтыру үшін қалалық әкімдік тендер жариялаған. Мердігер мекеме ай соңына дейін анықталады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин