Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы төрт ауылда жүзеге асады

Сайрамда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп ашқысы келетін жас көп. 

7 азамат несие алып, мал басын асылдандыруға ден қойған.

Солардың бірі Ақбұлақ аулының тұрғыны Тұрар Сүлейменов. Ауданда бірінші болып бағдарламаның игілігін көріп, іс бастапты.Ол мемлекеттен алған қаржыға сүтті сиырлар сатып алған.

Тұрар Сүлейменовтің әрбір таңы сиырларына шөп салып, күтіп-баптаумен басталады. Шаруа малға қалай күтім жасау керек екенін жақсы біледі. Мал алып, шаруашылықпен айналыссам деген арманының орындалуына «Ауыл аманаты» жобасы негіз болыпты. Тұрғынның күні кеше бос тұрған қорасында бүгін 18 ірі қарасы бар. Ол 2,5 пайызбен алған 8 миллион теңгесіне сүтті буаз сиырлар сатып алған. Ірі қараның алды төлдеп, өнім бере бастапты. Болашақта мал басын көбейтіп, жұртты сүт өнімдерімен қамтуды көздеп отыр.

Тұрар Сүлейменов, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:

- Сүтті сиырлар барлығы 12-13 литр сүттен беріп жатыр қазір. Сүтті өзіміздің ауылда сыр зауыт бар, соған өткіземіз. Күніне 100 литр өткіземін. Бағасы 190 теңгеден болып жатыр. Өзім және бала-шағаммен бірге осы малға қарап жатырмыз. Жоспарлаым сол 15-20 литрдан берсе, алға басып кететін шығармын бұйырса.

Сайрам ауданында «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауыл пилоттық жоба ретінде енген. Атап айтқанда  Көлкент, Қайнарбұлақ, Жібек жолы және Ақбұлақ ауылдары бар. Болашақта тізімге тағы бір ауылды қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде дәл осы Ақбұлақтықтар алғашқылардың бірі болып несиеге қол жеткізген.

Әбдібек Үсіпбеков, Ақбұлақ ауылы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда 30 өтінім түсті. Соның 7-еуі қаржыландырылды. 3 еуі қаржыландыру үстінде осы 2 күн шамасында алады. Алдағы уақытта әлі 27 үміткер бар қазіргі таңда. Құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы 57 адам алады деген жоспар бар.

Аудан бойынша жобаға қатысып, 2,5 пайыздық несиені алғысы келетін 114 азаматтан өтініш түсіпті. Негізі 266 адамды қамту жоспарланған. Оның 8-і қаржыландырылған. Қалғаны қаралып жатыр,- дейді жауаптылар. Жалпы 6 бағытқа негізделген жоба шарттары да оңай. Кепілге баспана болуы шарт. Туыстарының үйі болса да жарай береді, тек ниет білдіруші зейнет жасында болмауы керек. Сондай-ақ үміткер кәсіпкер немесе өндірістік кооператив мүшесі болуы шарт. Бұдан бөлек, банк алдында берешегі болмауы керек.

Рысқұл Есполай, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Негізі келіп жатқан азаматтардың кері қайтып жақтаны көп емес. Мысалы, 114-тің бүгінгі күні 11 азаматы кері қайтарылды. Кейбірінің банк алдында қарыздары шығып қалып жатыр. Сондықтан соларды кері қайтарып жатыр. 

Сайрам Түркістан облысындағы халқы тығызы орналасқан аудан. 231 мыңнан аса тұрғыны бар. Бір ғана Қарабұлақ ауылының өзі еліміздің өзге өңірлерін ет өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Сондықтан ауданда мал шаруашылығына көбірек мән беріліп отырғанын айтады мамандар. Ал, кәсібін ашып, нәпақа табам дегендерге «Ауыл аманаты» жобасы мүмкіндігі көп, дейді ауыл тұрғындары.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш