СҚО-да бруцеллезге байланысты шектеу шаралары енгізілді

Ленинское ауылында бруцеллез ошағы анықталды.

Осыған байланысты елді мекенде шектеу шаралары енгізілді. Қазір мұнда сүт, ет өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған. Ветеринарлар мамыр айынан бастап  тұрғындарға тиесілі 63 бас ірі қарадан індет таяқшасын тапты. Бүгінде ауру белгілері бар малдар санитарлық сойысқа жіберіліп жатыр.

Айта кету қажет аталған ауылда ірі шаруа қожалығы бар. Жауаптылардың пайымдауынша алаңдауға еш негіз жоқ. Себебі серістестік басшысы малдарын қамауда ұстап отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірде бес ауданда 170 бас малдан осындай кесел табылған екен. Тек алты мыңға жуық малға бруцеллезге қарсы вакцина  қойылыпты.

Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:

- Санитарлық нормаларға сәйкес ең алдымен бруцеллез анықталған мал сою алаңына жіберіледі. Қалған малдар тексеріліп жатыр. Бүгінгі таңда жаңағы Аққайың ауданы Ленинское ауылындағы анықталған 41 малдың иесіне өтемақы төленді. Ол шамамен 5,6 миллион теңге. 30 пайызды мемлекет, яғни облыс бюджетінен өтесе, қалған 70 пайызды осы сою алаңында жұмыс істейтіндер, яғни кәсіпкерлер төлейтін болады.