18 тамыз Шекарашылар күні

Бүгін шекарашылардың кәсіби мерекесі.

Мемлекетіміздің қауіпсіздігі тікелей осы мамандарға байланысты болғандықтан шекара шебінде жүрген сарбаздардың жұмысы жауапкершілік пен қатаң әскери тәртіпті талап етеді. Себебі өткен жылмен салыстырғанда адамдар мен көлік құралдарының шекарадан өтуі екі есе артқан. Шекара қызметінің бүгінгі жағдайы қандай?

Жапан дала, шаңды дауылдар. Осы аумақта Маңғыстау облысындағы "Үстірт" бөлімшесінің шекарашылары қызмет етеді. Әскери бекет Түркіменстанмен шекаралас жерде орналасқан. Сап түзеп тұрған сарбаздардың міндеті – мемлекетіміздің шекарасын қорғау.

 - Түзел! Тік тұр!

Дәурен Құлахмет, "Үстірт" шекаралық бөлімшесінің бастығы:

- Үстірт шекаралық бөлімшесі 200 шақырым аумақты күзетеді. Техникалық қадағалау бекеттері орналасқан. Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттерінің шекаралары осы жерде түйіседі.

Жалпы елде жүздеген шекара бекеті бар. Көбіне контрабанда мүшелерінің мемлекеттік шекарадан заңсыз өту фактілері жиі тіркеліп жатады. Қару-жарақ, медициналық дәрі-дәрмектер немесе шығу тегі белгісіз заттар тасымалдайтын мигранттардың да саны көп. Бірақ шекарашылар барлығын қатаң бақылауда ұстайды.

Серік Ахметқалиев, ҚР ҰҚК ШҚ Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету бойынша мәселелерді жедел шешуге тырысамыз. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қабылданған шаралар Мемлекеттік шекараны күзетудің тиімділігін және оңтайлығын арттыруға бағытталды. Есептік кезеңде шекарашылар Мемлекеттік шекарада 1 183 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметін цифрландыру белсенді жүргізілуде. Жаңа технологиялар әскерилердің жұмысын жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. 

Ғани  Ағаділов, ҚР ҰҚК ШҚ Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Астана қаласының әуежайында тестілік режимде отандық өндірістің "Q-Gate" паспорттық бақылаудың автоматтандырылған байланыссыз жүйесі сынақтан өткізілуде. Бұл бұл бақылауды енгізудегі басты себептер экономикалық тиімділігі, паспорттық бақылауды жүргізудің қауіпсіздігі, жылдамдығы және ыңғайлылығы болып табылады.

Бүгінгі күні шекарамызда 101 өткізу пункті жұмыс істейді. Оның ішінде авиациялық, теңіз, өзен, теміржол, автомобиль сияқты түрлері бар. Күн сайын 10 мыңға жуық сарбаз жауынгерлік кезекшілікке шығады. Шекара шебінде ел тыныштығын күзетіп жүрген әскерилердің айтуынша, ел іргесі күндіз-түні бақылауда. Отанға адал қызмет ету басты мақсатымыз дейді. 

Әл-Фараби Серіков, Тамара Степанова, Диас Қобыланбаев