Маңғыстау облысында жарықты кезең-кезеңімен өшіру режимі алынды

Өңірдегі жылу электр станциясының №1 энергоблогын жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бұл туралы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мамандардың айтуынша, қазандықтың оң жақ тұзды бөлігінде зақымдалған 5 экрандық құбыр ауыстырылды. Бұған дейін сол жақ тұзды бөлігінде 12 құбыр алмастырылған. Маңғыстау атом энергетика комбинатының қызметкерлері, апатты шұғыл түрде жою үшін, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеді. Жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды.

Мұрат Иғалиев, Маңғыстау атом энергетика комбинаты бас директорының орынбасары:

- 17 тамыз күні кешкі сағат 20:53-те үшінші станцияның бірінші блогы іске қосылды. Алдындағы өтінім бойынша 19 тамызға дейін. Біздің МАЭК мекемесінің екі ауысым жұмыс істегеннің арқасында жұмысты уақытынан бұрын бітірдік. Қазір үшінші стансаның бірінші блогы өз нагрузкасында жұмыс жасауда.