Жаңақорған ауданында көп балалы аналарды қолдау жобасы іске асырылып жатыр

«Құрметтеуге лайықты жан».

Осы атаумен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында көп балалы аналарды қолдау жобасы іске асырылып жатыр. Әлеуметтік жоба аясында отбасы ошақ қасынан шыға алмай жұмыссыз отырып қалған және мүгедек бала тәрбиелейтін аналардың кәсіп ашуына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, халықтық педагогиканы кеңінен насихаттап жүрген кейуаналардың болмысы көпке үлгі ретінде ұсынылады.

Өткен жылы бастау алған жоба шеңберінде жеке кәсібін бастаған бизнес-ханымдар өз өнімдерін қарт Қаратаудың етегінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде көпшілікке ұсынды. Этноауылда сондай-ақ көпбалалы жандар ұршық иіріп, жүн сабап, кілем тоқып, диірмен тартып, күбі пісіп, ұлттық тағамдарды әзірлеуден шеберлік сабағын өткізді.  

Мұрат Тілеуімбетов, Жаңақорған ауданының әкімі:

- Біздің алдымыздағы мақсатымыз үйде отырған аналар өздерінің кәсібімен айналысып және де шығарған өнімдерінің кедергісіз делдалсыз сауда үйлерінде сатқызу. Осы мақсатқа біз жетеміз, соған жұмыс жасап жатырмыз. 

Еркін сұхбат алаңында жаңақорғандық іскер әйелдер аудан әкіміне сауалдарын қойып, кәсібін кеңейтуге қажетті ұсыныстарын жеткізді. Жылыжай өнімдерін, бөдене жұмыртқасы мен жүгері сусынын облыс орталығы мен өзге аудандарға жеткізу тетіктері талқыланды. Шарада шағын кәсіп иелері мен ірі сауда нысандарының өкілдері меморандумға қол қойды. 

Нәбира Қарабалаева, тігінші:

- 2018 жылдан бері тігін саласында жұмыс істеп келемін. 5 жыл болды көрпе-көрпеше, қосымша перде тігемін. Алдағы жоспарым грант алып, жұмысымды көркейтіп, жақсы жандандырсам деген мақсатым.

Баян Божбанбаева, балабақша меңгерушісі:

- Төсек-орын жабдықтары, жұмақ және қатты жиһаздарды біз Түркістан, Шымкент, Ташкенттен тасып келдік осы уақытқа дейін. Енді қазір өз ауданымызда өндіріп жатқан жас аналар, жаңадан кәсіп ашқан аналарды қолдау мақсатында меморандумға отырып, осы кісінің шығарған төсек жабдықтарын балабабақшада тәрбиеленіп жатқан балалардың игілігіне пайдалануға екіжақты келісімшартқа отырдық. 

«Құрметтеуге лайықты жан» жобасы аясында жемісті еңбек еткен 10 көп балалы ананың шипажайда демаулына жолдама берілді.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин