Түркістан облысында жаңа оқушылар сарайы ашылады

Түркістан облысы Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр.

Заманауи ғимарат пайдалануға берілген кезде аудандағы 1500 бала 50-ге жуық түрлі үйірмелермен қамтылады деп жоспарланып отыр. 

2 қабатты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Кеңес заманында салынған ескі ғимарат бұзылып, орнына жаңасы бой көтеріп жатыр. Мекеме басшының айтуынша, бұрынғы 1 қабатты нысан әбден тозған. Бөлмелері тар болғандықтан талапқа сай келмеген.

Гүлнар Алдабергенова, оқушылар сарайының директоры:

- Мына қазіргі салынып жатқан ғимаратта спорт залы, медпунк, балалардың тамақтанатын асханасы бар. Бізде кілем тоқыу үйірмесі бар қолданбалы сандық үйірмелер бойынша, кабинтеттер бар. Жеке вокал тобына арналған кабинет бар. Конференция өткізетін орынмен қамтылады. Басты мақсатымыз – балалардың өздерінің таңдаған мамандығына бағыт беретін үйірмелер ашып жатырмыз. 

Мамандар мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуі үшін мұнда барлық жағдай жасалатынын айтады. Жеңіл атлетика, еркін күрес, қолөнер бағытында «мүсінші», «тігінші» және тілдік бағытта «өнерлі бала» үйірмелері жұмыс істейді. Әсіресе, спортты жанына серік еткен Ханшайым сияқты оқушылардың қуанышында шек жоқ. Тоэквондадан 4 дүркін Азия чемпионы енді жаңа залда жаттығатын болдық дейді.

Ханшайым Тұрдыбай, 8 сынып оқушысы:

- Біз осыған өте қатты қуаныштымыз және жаңа заттармен жабдықталамыз деп ойлаймыз. Жаңа салынып жатқан оқушылар сарайынан жаңадан мықты спортышлар және елімізді дамытатын, Қазақстанды көкке көтеретін спортшылар шығады деп ойлаймын.

Серікбай Түйебаев, Леңгір қаласының тұрғыны:

- Залдары мен бөлмелері бәрі кең, әдемі болып салынып жатыр. Құдай қаласа осы жерден бала-шағамыз тәрбие алады. Спортшылар, мықты ғалымдар шығады деп ойлаймын осы мектептен.

Оқушылар сарайының жалпы аумағы 1580 шаршы метрді құрайды. Жоба құны – 566 млн теңге. Заманауи нысанның құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Құдірет Ашуметов, мердігер мекеменің директоры:

- Қазір лифтіні орнатып жатырмыз. Іште әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Кафель, сантехника, жылу жүйелері жүріп жатыр. Жоспарымыз бойынша биыл қазан айының соңына қарай тапсырамыз деген үміттеміз.

Айта кетейік Төлеби ауданында 67 мектеп, 30 мыңға жуық оқушы бар. Енді 7 мен 17 жас аралығындағы кезкелген оқушы аудан орталығындағы Оқушылар сарайына келіп, қалаған үйірмесіне қатыса алады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш