Елорданың жаңа бас жоспары бойынша қоғамдық талқылау өтіп жатыр

2035 жылға дейін түзілген жоспар жобасы 2 миллион 275 мың адамға шақталған.

Қала аумағы 8 мың гектарға ұлғайып, 79,7 мың гектарға жетпек. Қоғамдық талқылау арқасында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Ел пікіріне сәйкес бас жоспарға түзетулер енгізіледі.

Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Шарль де Голь көшесі – Тәуелсіздік даңғылы аралығындағы бұл гараждар массиві маңайдағы жұрт үшін қолайсыздық тудырып келгені рас. Қараңғыда бұл жермен жүру қорқынышты, бойда үрей туғызады. Қаңғыған иттер де көп жүреді. Ал Астананың жаңа бас жоспарында бұл гараждар жоқ. Бұның орнына бұл жерде үлкен, зәулім үйлер салынады, мектеп салынады. Және балабақша жоспарда тұр.

Дегенмен аталған аумақ тұрғындары жаңа ғимараттардың биіктігі 12 қабаттан аспауын талап етіп отыр. Ал қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, бұл жерде 25 қабатты бірнеше үй тұрғызылмақ. Жергілікті жұрт халық саны көбейген сайын мектеп, балабақша мәселесі күрделене түсетінін айтады.

Жанар Қасымжанова, Тәуелсіздік даңғылының тұрғыны:
- Мына жақта мысалы 25 қабатты үй салайын деп жатыр. Енді білуімше оның қасында бір мектеп, бір балабақша болады екен. Бірақ оны енді адами тұрғыда ойласақ, бір мектеп, бір балабақша деген 25 қабатқа тым аз. Мен неліктен үйде отырмын? Өйткені балаларды мектепке апаруым керек. Біз он минутта жететін жерге олар кәдімгідей айналып, гаражный массив деген болады, оның бәрін оң жағынан, сол жағынан айналып өткенше, сол жарты сағат керек болады.

Жаңа жоспарда тұрғындар пікірі барынша ескеріледі. 16 тамыздан бері қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Астаналықтар өздері тұратын мекенжайға қажет инфрақұрылым бойынша дауыс береді. Мәселен, келешекте Храпатый-Тыныбаев көшелері арасында саябақ салынуы мүмкін. Бұл жергілікті тұрғындардың талабы.

Гүлвира Әбетова, талқылау орталығының жетекшісі:
- Жеңіс-Бөгенбай батыр көшесі тұрғындары да саябақ салу мәселесін көтерді. Яғни олар жаңадан көпқабатты үй тұрғызуға қарсы. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктерінің орнын ауыстыру, балалар ойын алаңқайларын газгольдерден алыс орнату, көшеге шығатын жолдарды бөгейтін сауда дүңгіршектерін басқа жерге көшіруді ұсынды. Бүгін тұрғындар осы сұрақтар бойынша дауыс беріп жатыр. Таңертеңнен бері 30-ға жуық адам келді.

Бұрынғы бас жоспар 2030 жылға дейін жасалған еді. 1 миллион 220 мың адамға шақталды. Алайда халық саны бұл межеден былтыр асып түсті. Жаңа жоспар 2035 жылға дейінгі уақытты  қамтиды. Мұнда қоғамдық көлік, инженерлік инфрақұрылымға барынша көңіл бөлінген. Сондай-ақ, шағын аудандарда жайлы тұрмыс ортасын құру көзделеді.

Гүлдана Сапарбаева, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ бас маманы:
- Қазір жаңа жоба бойынша 2 млн 275 мың адамға бас жоспар жасалды. Қала үш бағытта дамиды. Мыңжылдық даңғылы бойынша дамиды, Тұран даңғылы бойынша және Заречный кентінің бағытында дамиды. Сол жерден шықпай, барлық жерге баруға мүмкіндіктері болуы үшін барлық соцобъектілерді қарастырып жатырмыз.

Қала 8 мың гектарға ұлғаяды. Майбалық көлі де шаһар аумағына еніп отыр. 2035 жылға дейін 175 балабақша, 164 мектеп және 93 медициналық нысан салынады. Тұрғындар жобаға қатысты өз ұсынысын жеткізе алады. Қоғамдық талқылау 21 тамызға дейін жалғасады. Бұдан кейін қала басшылығы урбанистермен келісе отырып, бас жоспарды бекітеді. 

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ербол Қайыров, Диас Қобланбаев