Солтүстіктегі Мамлютка қаласында жылу қазандығы іске қосылады

Солтүстік Қазақстан облысында Мамлютка қаласының тұрғындары биыл орталықтандырылған жылу қазандығының игілігін көреді.

Құрылысы он жылға созылған нысан жақында іске қосылады. Осыған дейін оны сенімгерлік басқаруға алатын компания табылмаған соң, мұндағы қондырғылар жарамсыз болып қалған еді. Қазір коммуналдық қызмет көрсететін ұйым қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мамлютка қаласындағы жылу қазандығының іргетасы 2013 жылы қаланды. Дегенмен ол сегіз жылдан кейін ғана бой көтерді. Құрылысы ұзаққа созылған нысанның игілігін халық тек биыл көреді. Қазір жауаптылар қысқа қамданып жатыр.

Тагир Хасанов, слесарь:

- Бұл резервьте тұрған екінші қазандық. Тесіліп, су ағып жатыр. Қазір ақауды анықтап, ретке келтіреміз. Кейін кұл шығарытын қондырғыны жөндейтін боламыз.

Екі жылдай нысанды сенімгерлік басқаруға алатын компания табылмады. Соның салдарынан бірқатар құрылғы істен шыққан. Биыл қайта қалпына келтіруге жергілікті қазынадан 24 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Енді күзде жылу жүйесіне әлеуметтік нысандардан бөлек екі көпқабатты тұрғын үй қосылады. 

Серік Бакеев, Мамлют ауданы әкімдігінің әдіскері:

- Құжаттардың бәрін тарифке тапсырды. Қазіргі уақытта қазандықтың күрделі ремонты жүріп жатыр. Трассаның жұмыстары да. 19 қыркүйекке дейін жоспар бойынша осы жүмыстардың барлығын бітіруге тиісті. Ауданнан 8,8 миллион ақша бөлінді. Қазіргі уақытта қосымша облыстық бюджеттен сметатасын жасап тағы 15,8 миллион қаржы бөлуге шешім қабылданды.  

Биыл орталықтандырылған жүйеге қосылатын абоненттер өте аз. Сондықтан жылу үшін қажетті шығындарды жергілікті билік өз мойнына алды. Ал болашақта қаладағы 40 шақты үйдің жартысы осы қазандықпен жылылатын болады. Жалпы бүгінгі күні өңірде 350-ден астам нысанды жылумен қамтамасыз ететін 24 қазандық бар. Оларды алдағы маусымға дайындауға жергілікті бюджеттен 763 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал қыстан қысылмай шығу үшін жақын күндері отын-көмір жеткізілмек.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов