Талдықорғанда жол белгілері жаңартылып жатыр

Талдықорғанда жол белгілері мен жолақтар жаңартылып жатыр.

Алдымен бұл жұмыс мектеп, балабақшалардың маңайында атқарылуы тиіс. Өйткені оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 100 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оған ұзындығы 354 шақырым жолақ сызылады. Сондай-ақ жалпы аумағы 19 мың 310 шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолы төселді.  Қала тұрғындары аталған жұмыстың уақытылы жүргізілгенін қолдайды. «Алайда жүргізушілер жағы жол жүру ережесін сақтамайды және көшелердің жағдайы мен тазалығына көңіл бөлмейді». - дейді көпшілік.

Нұрбақыт Алтынбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Сәуір айында бояған болатынбыз жолдардың барлығын жол таңбаларын сызу бойынша. Күзге таман екінші рет қазір таңба сызу жұмыстары жүргізілуде. 94 млн ақша бөлінген. Қазіргі таңда жұмыстың 70 пайызы орындалды. Жұмыстар қазан айына дейін жалғасады.

Қапиза Жұманқызы, қала тұрғыны:
- Менің айтарым, мына Талдықорғанның жаяу жүретін жолақтары көрінбейді. Жолдың сапасы өте нашар деп айтуға болады. Ой-шұңқыры көп, лас. Міне, мына қоқысты адамдар неге тастай береді?! Сондай бір жаңалап тұру керек 3-4 айда бір өтетін жерлерді. Жолдарды жөндесе, қаламыз әдемі болса, бізге де жақсы ғой.